Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлемдегі ең бай адам – Amazon компаниясының басшысы Джефф Безос тарихта байлығы алғаш рет 200 миллиард доллардан асқан миллиардер атанды. Бұл туралы Forbes журналы жазды.
Дегенмен, миллиардер бұл көрсеткіште ұзақ тұра алмады. Сәрсенбі күнгі рейтинг бойынша, оның байлығы 199,7 миллиард долларға бағаланған. Қалай десек те, мұндай бағалаудың өзі Безос үшін жаңа рекорд. Бұл жағдай Amazon акциялары құнының тұрақты өсіп отыруына байланысты.
Сейсенбі күні ол 1,18%-ға, яғни бір данасы 3346,49 долларға дейін өссе, компанияны капиталдандыру 1,68 триллион долларға дейін көтерілген.
Басылымның хабарлауынша, Безосқа Amazon акцияларының 11,1%-ы тиесілі және ол 2017 жылдан бастап Forbes-тың ең бай адамдар рейтингін бастап келеді.
Amazon – әлемдегі ең ірі онлайн-сатушылардың бірі. АҚШ-тан бөлек, компания Канада, Қытай, Бразилия, Жапония және Еуропа елдерінде жұмыс істейді.
Amazon.com интернет-дүкені 1995 жылдың шілдесінде ашылған болатын.