Қазақстанда кейбір азаматтар ескі банкноталарды екінші деңгейлі банктерге өткізе алмай жүргендерін айтып, шағымданады. Банктер неге мұндай банкноталарды қабылдамайды? Осы тақырып аясында BAQ.KZ тілшісі Ұлттық банкке ресми сауал жолдап, алған жауап негізінде ақпаратты назарларыңызға ұсынады.
Ескі ақшаның мерзімі болады
№2281 қағидаға сәйкес, жаңа үлгідегі ақша шыққан кезде Ұлттық банк ескі банкноталардың айналымда жүру мерзімін белгілейді. Бұл кезеңде ескі ақша толыққанды төлем құралы болып есептеледі және оны барлық жерде қабылдау міндетті.
Бірақ параллель айналым кезеңі аяқталғаннан кейін ескі банкноталарды тек банктер мен "Қазпошта" үш жыл бойы ғана айырбастайды. Осы уақыт өткен соң, екінші деңгейлі банктер мұндай банкноталарды қабылдауға заңды құқығынан айырылады. Яғни азаматтар ескі ақшаларын өткізе алмай қиналса да, банктер бұл талапты орындауға мәжбүр.
Қазір қай банкноталар жарамсыз?
Ұлттық банктің нормативтік-құқықтық актісіне сәйкес, ескі үлгідегі банкноталар мен монеталар екіге бөлінеді:
1. Айналыстан алынатын;
2. Айналыстан алынған.
Қазір айналыстан алынатын банкноталарға (параллельді айналыста жүрген):
- 2012 жылғы 10 000 және 2 000 теңгелік;
- 2011 жылғы 5 000 теңгелік банкнота жатады.
Айналыстан алынған және Ұлттық банктің филиалдары шектеусіз қабылдайтын (түпнұсқалығын тексергеннен кейін жарамды банкноталарға
айырбастайтын) банкноталарға:
- 2006 жылғы үлгідегі 200, 500, 1 000, 2 000, 5 000 және 10 000 теңгелік банкноталар.
2006 жылғы үлгідегі айналыстан алынған банкноталардың жалпы сомасы – 365,1 млрд теңге.