АҚШ-тың Лос-Анджелес соты әлеуметтік желілердің зиянына қатысты шешім шығарды. Алқабилер Meta (Instagram) және Google (YouTube) компанияларын пайдаланушының психикалық денсаулығына зиян келтіргені үшін салғырттық танытты деп тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап.
Сотқа шағым түсірген 20 жастағы америкалық бойжеткен (құжаттарда K.G.M. ретінде көрсетілген) әлеуметтік желілерді бала кезінен YouTube-ті 6 жасынан, Instagram-ды 9 жасынан пайдаланғанын мәлімдеді.
Бойжеткеннің айтуынша, платформалардың тәуелділік тудыратын алгоритмдері оны ауыр депрессияға, мазасыздыққа және өз денесіне көңілі толмаушылыққа, дисморфофобия алып келген.
Лос-Анджелес округінің жоғарғы соты тоғыз күнге созылған талқылаудан кейін келесідей шешім шығарды.
Сот талап қоюшыға келтірілген зиян үшін 3 миллион доллар төленуі тиіс деп тапты. Meta компаниясы келтірілген зиян үшін 70% ($2,1 млн), ал YouTube-ті 30% ($900 мың) жауапты деп шешім шығарды, - деп жазылған хабарламада.
Алқабилер компаниялар өз платформаларының қауіптілігі мен тәуелділік тудыратын қасиеттері туралы пайдаланушыларды тиісті деңгейде ескертпеген деп есептейді.
Meta мен Google өкілдері сот шешімімен келіспейтіндерін және апелляцияға беретіндерін мәлімдеді.
Жасөспірімдердің психикалық денсаулығы - өте күрделі мәселе және оны бір ғана қосымшамен байланыстыру дұрыс емес", - деп атап өтті Meta өкілі.
Ал Google өкілі YouTube-ті әлеуметтік желі емес, "жауапкершілікпен құрылған стримингтік платформа" деп атап, айыптарды негізсіз деп санады.
Бұл іс - АҚШ-тағы технологиялық алпауыттарға қарсы бағытталған 1600-ден астам ұқсас шағымдардың ішіндегі алғашқы нәтижелі процесс. Осы уақытқа дейін әлеуметтік желілер АҚШ-тың "Байланыс туралы заңының" 230-бөлімімен қорғалып, пайдаланушылардың іс-әрекеті немесе контент үшін жауапкершіліктен жалтарып келген болатын.
Еске салайық, бұған дейін жасөспірімдердің психикалық денсаулығына қатысты Цукерберг сотта жауап берген болатын.