20 пайызға көтерілгенін қалаймын – экономист ҚҚС-ты көтеру тиімділігі туралы

19 Ақпан 2025, 19:30
519
Бөлісу:
20 пайызға көтерілгенін қалаймын – экономист ҚҚС-ты көтеру тиімділігі туралы
Фото: автордан

Экономист Жақсыбек Құлекеев қосымша құн салығының 20 пайызға көтерілуін қолдайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қосымша құн салығының 20 пайызға көтерілгенін қалаймын. Оның бірнеше себебі бар. Оның жақсы не жаман екенін, қаншалықты экономикаға пайдасы не зияны болатынын білу үшін бұл салық түрінің қандай кемшілігі мен ұтымды жағы бар екенін салыстырып, байқауымыз керек. Біріншіден, қосымша құн салығы – бюджетті толтыруға үлесін қосатын салықтың ішіндегі ең жақсыларының біреуі, - деді ол.

Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, бұл салықтың басқа салықтардан ерекшелігі әрбір салық төлеуші өзінің алдындағы азаматтардың осы салықты төлеуін талап ететіні. Экономистің сөзінше ол өз кезегінде бақылауды күшейтіп, салықты реттеу мен жинауға жеңілдігін береді.

Жақсыбек Құлекеев қосымша құн салығы 16 не 20 пайызға көтерілсе, ол бағаның өсуіне алып келетінін айтты. Бірақ ол үшін салықтың басқа түрлерінің мөлшерлемесі өзгермеу керек екенін айтады.

Ал Үкіметтің алғашқы ұсынысы “біз қосымша құн салығын 20 пайызға көтерейік, есесіне жалақыдан ұсталатын әлеуметтік салықты алып тастайық” деді. Әлеуметтік салықтың деңгейі – 9,5 пайыз. ҚҚС-ны 12-ден 20 пайызға дейін көтерейік деген ұсыныс айтты. ҚҚС заттың өзіндік құнына кірмейді, қосымша салықтың түріне жатады. Ал әлеуметтік салық жергілікті бюджетті толықтырады. Егер біз әлеуметтік салықты алып тастайтын болсақ, жергілікті бюджетке түсетін қаражат азаяды. Бірақ Үкімет ҚҚС-тан түсетін табыстан оларға қосымша қаражат жіберіп, орнын толтыруды жоспарлаған, - деп түсіндірді ол.

Экономистің ойынша, “көпшілік шу көтерген соң” Үкімет қосымша құн салығын 20 емес, 16 пайызға көтереді. Бірақ ол бастапқы жоба тиімдірек болды деп санайды.

Өкінішке қарай, қазір Үкімет ҚҚС-ты 16 пайызға ғана көтереміз деген шешімге келіп отырған сияқты. Бірақ “әлеуметтік салықты алмаймыз” деп отыр. Демек, бастапқы жоба іске асса, біріншіден, бюджетке түсетін қаражат өсетін еді. Екіншіден, әлеуметтік салықты алып тастайтын болғанда кез келген өндірістегі өзіндік құн төмендейтін еді. Ол біздің өндірушілердің халықаралық деңгейдегі бәсекелестігін көтеретін еді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы