Былтыр Жетісуда еліміздің 20 млн-шы тұрғыны өмірге келгені белгілі. Осы ретте бүлдіршіннің қазіргі жағдайын білу үшін әкесі Мұхтар Әзімбаевпен тілдескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Мұхтар мырза, көп балалы ата-ана болу үлкен бақыт. Бұл қуанышты хабарды естігенде қандай көңіл күйде болдыңыздар?
Әуелде естігенде аңтарылып қалғанымыз жасырын емес. Келіншегіміз екеуіміз басында сенбедік те. Кішкентайдың аман-есен өмірге келгеніне қуанып, мәз-мейрам болып жүргенбіз. Көп ұзамай баламызды жиырма миллионшы тұрғын деп танығанда тіпті қуанышымыз еселене түсті. Ата-ана ретінде үлкен құрметке ие болдық. Аллаға мың да бір шүкір! Әрине, еңселі еліміз үшін бұл күн тарихи сәт ретінде мәңгі есте қалмақ. Қоғамның мейірімін сезіндік, түрлі сый-сыяпатқа ие болдық. Оның үстіне 20 миллионшы адамның әкесі болу үлкен мәртебе.
-Сый дегеннен шығады, әкімдік тарапынан қандай қошеметке ие болдыңыздар?
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған басқарма басшылары, қоғам белсенділері арнайы келіп құттықтады. Мемлекет тарапынан қаржылай сыйлық берді. «Отбасы банкі» де қол ұшын созды. Одан бөлек дәрігерлер ыстық лебізін арнап, кенжемізге жақсы қарады. Айсұлтанға бәрі ерекше бала ретінде ілтипат көрсетіп, ата-ана ретінде біздің мерейіміз тасыды. Тіпті туған туысқандар да таңғалып, ерекше ықыласын жеткізді.
Айсұлтанның қазіргі жағдайы қалай? Өсіп қалған шығар…
Аллаға шүкір, жақсы. Неше түрлі қылық шығарып келеді. Жақында 6 айдан астық. Аллаға шүкір аға-әпкелерімен бірге ойнап жүр. Дүниеге келгенде салмағы 3 кг асты. Біз батыр болады деп қуандық. Қазір аз-маз еңбектеп жүр. Басқа балаларға қарағанда Айсұлтанның өмірге келуі тарихи оқиға болған соң, назарымызда ұстаймыз.
-Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?
Аллаға шүкір өсіп-өнген әулетпіз. Айсұлтан отбасымыздағы төртінші перзентіміз. Ең үлкен қызымыз Айзере. Одан кейін екі ұлым бар. Мұхамедамин мен Миран. Келіншегім Диана Әзімбаева. Мен әскери қызметте болғаннан кейін қолым көп босай бермейді. Қызметтің аты қызмет. Дегенмен отбасыма жиі көңіл бөлуге тырысамын. Диана үйде балаларға қарап отыр.
Естуімізше, сіз Өзбекстаннның тумасысыз. Жетісуға қашан көшіп келдіңіз?
Дәм-тұз тартып осында қоныс аудардық. Ол рас Диана екеуіміз Өсбекстан мемлекетінің Бостандық ауданында дүниеге келгенбіз. Әскери адам болған соң, қызмет бабымен жер жаннаты Жетісудың төріне ауысып келдік. 10 жылдан бері Талдықорған қаласында тұрамыз. 2013 жылы Әуе қорғаныс күштерінің әскери инстутын тәмамдадым. Содан бері Талдықорғанда әскери қызметімді өтеп жатырмын. 21751 бөлімінде қызмет етемін, шенім – майор.
-Жетісу жеріне бауыр басып қалған шығарсыздар…
Әрине, осында балаларымыз өмірге келді. Аллаға шүкір, жаңа достар, жарасымды ұжым, тату көрші таптық. Талдықорған қаласы күннен күнге көркейіп келеді. Балалар үшін де жайлы әрі жарасымды жер. Жаңа ықшамаудандар бой көтіріп, зәулім ғимараттар көз тартады. Басында келгенде біраз абдырып қалғанымыз рас, бірақ санаулы жыл ішінде қала қарқынды дамыды. Халық саны да артып келеді. Қаланың көркейгенін көріп кеткіміз келмей қалды. Балалар өсіп келеді, табиғаты көркем, халқы қонақжай мекенді қиып кете алмаймыз. Біз енді жетісулықпыз деп айта аламыз.
-Балаларыңызға қандай ақыл-кеңес бересіз?
Бақ Алладан, Айсұлтан дүние есігін ашқанда біз ғана емес күллі қазақ елі қуанды. Осындай игілікті маңдайымызға нәсіп еткен Аллаға мың да бір шүкір. Бала бауыр етің, болашағына алаңдайсын, үлкен азамат болуын, өз жолын табуды ниет етесін. Қазір заман ағымы өзгеріп, тәрбие мен білім екінші орынға түсіп, құндылықтар өзгеріп жатыр. Сондықтан барынша балаларымды рухани жағынан мәденитті әрі иманды болуын қалаймын. Келіншегімде үнемі адалдыққа, жақсылыққа бағыттап отырады. Мен барлық ата-анаға балалары аман-есен болуын тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, берекеміз мығым болуын тілеймін.