ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, күдіктілер қатарында бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар.
Күдіктілер тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе жасанды түрде қымбат бағамен сатып алынған, жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқан.
Байланысы бар жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың шоттарына аударылған қаражат кейінен қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмыстық қатысушылар арасында бөлінген.
Мысалы, осы схема аясында университет басшылығы нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алған. Нақты жеткізілімдердің болмауын жасыру мақсатында күдіктілер тозған тауарлық-материалдық құндылықтарды балансынан формалды түрде есептен шығарып, оларды іс жүзінде пайдалануды жалғастырған. Ал есептен шығарылған мүліктің орнына келуі тиіс жаңа тауарлар мүлдем жеткізілмеген, - деп хабарлады ҚМА.
Нәтижесінде мемлекетке 321 млн теңге көлемінде залал келтірілді. Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені ерікті түрде өтеді.
Соттың санкциясымен олардың мүлкіне – 4 тұрғын үйге, 1 автокөлікке және банктік шоттардағы 40 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салсақ, ҚМА аталған университетте аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтағанын жазған едік. Белгілі болғандай, күдіктілер қатарында ректордың міндетін атқарушы, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, сондай-ақ серіктес ұйымдардың басшылары бар.
Тергеу нәтижесінде университет қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмыстары мен тауар жеткізуге қатысты жалпы сомасы 256 млн теңгені құрайтын жалған келісімшарттар жасағаны анықталды.