Таиланд пен Камбоджа шекара сызығында атысты тоқтату режимін қайта енгізу туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Thai PBS телеарнасының мәліметінше, қарқынды ұрыстар 20 күнге созылған.
Таиландтың қорғаныс министрі Наттхапхон Накпханит пен Камбоджаның қорғаныс министрі Теа Сейха 27 желтоқсаннан бастап атысты тоқтату режимін қайта жаңғырту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды, – делінген хабарламада.
Нақтылай айтқанда, екі елдің қорғаныс министрлері деңгейіндегі Ортақ шекара комитеті аясында өткен Таиланд пен Камбоджа арасындағы келіссөздер Таиландтың Чантхабури провинциясындағы Бан Пхаккрат шекаралық өткізу пунктінде өтті. Келіссөздер шамамен 40 минутқа созылып, оның 15 минуты қорғаныс министрлерінің өзара пікір алмасуына арналды.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, халықаралық бақылаушы ретінде Таиланд пен Камбоджа мүше болып табылатын Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына (АСЕАН) кіретін елдердің әскери атташелері тобы қатысты. Делегацияны Бангкоктағы Малайзияның әскери атташесі, бригадалық генерал Самсул Риза бин Муса бастап келген. Рәсім аяқталған соң Камбоджа делегациясы өз аумағына қайтып оралды.