Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шекара қызметі 2018 әскери бөлімінің шекарашылары өздеріне жүктелген міндеттерді әрдайым үлкен жауапкершілікпен және қырағылықпен атқарып келеді.
Соның дәлелі ретінде 2020 жылғы 28 наурызда сағат 22.00 шамасында шекара наряды бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз алып келе жатқан Қазақстан Республикасының екі азаматын ұстады.
Шекара наряды Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Кендірлі демалыс аймағында "Бұрғылау" демалыс орны маңында УАЗ маркалы автокөлігін тоқтатты. Автөкөлікті тоқтату және тексеру барысында 2 адам белгісіз бағытқа қашып үлгерген. Автокөлікті тексеру барысында салмағы 79 кг 20 дана бекіре тұқымдас балық анықталды. Мемлекетке келтірілген шығын құны 20 млн 642 мың 900 теңгені құрайды – делінген ҰҚК таратқан ақпаратта.
Заң бұзушыларды құрықтау мақсатында, "Фетисово" шекара заставасының бастығының шұғыл іздеу іс-қимылын шебер ұйымдастыруының нәтижесінде, көлікті тастап қашқан екі азамат дер кезінде ұсталды.
Орын алған дерек бойынша құзыретті органдармен ақпарат алмасу жұмыстары жүргізілді және сотқа дейінгі тергеу мүмкіндігінің шешімін қабылдау үшін аталған мәлімет 2018 әскери бөлімінің ақпаратты тіркеу кітабына тіркелді. Ұсталған азаматтар, УАЗ автокөлігі және 20 дана бекіре тұқымдас балығы акті арқылы Маңғыстау облысы Қарақия ауданы полиция бөлімінің тергеу тобына тапсырылды – делінген хабарламада.