4 сәуір күні Балқаш қаласының магистралды су жүйесінде күрделі апат орын алған болатын. Апат салдарынан 80 мың халқы бар қала екі тәулік ауыз сусыз отырды, деп хабарлайды Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Балқаштағы апат салдарынан тұтас бір қала, Балқаш станциясы мен Қоңырат шағын ауданы сусыз қалды. «Балқаш Су» компаниясы 18 сағат бойы апат салдарын іздеп, диаметрі 800 мм құбырдағы суды сорды. Нәтижесінде диаметрі 300 мм құбырдағы қақпа клапан жарылып кеткендігі анықталды. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары аяқталып, қалаға су беріліп жатыр.
Су сору жұмыстары клапанға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Су сору жұмыстарымен апатты-қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізіліп, бүгін 13 сағат 20 минутта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, - деп хабарлады Балқаш қаласының әкімдігі.
Әкімдіктің мәліметінше, қаланы сумен қамтамасыз ету жүйесіне гидравликалық соққының болдырмау мақсатында магистралды және ішкі кварталды жүйелерге су біртіндеп, төменгі қысыммен жіберілетін болады. Бүгін кешке дейін қаланың барлық аудандарына су беріледі деп күтілуде.
Екі күн ауыз сусыз отырдық. Ішетін суды дүкендерден сатып алдық. Сондай-ақ қала бойынша су таситын көліктер де жүрді. Қала халқына қиын болды деп ойлаймын. Су берді деп жатыр, бірақ әлі үйімізге су келген жоқ. Күтіп отырмыз, - деді қала тұрғыны Қарлығаш Асылбекқызы.