Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық ұйымдардың алдындағы қарызы 92 млрд теңгеге жетті. БАҚ өкілдері неліктен қордың қаржыландыруы баяу жүріп жатқанын ӘМСҚ басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақовтан сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық ұйымдарға берешегі 2023 жылдың соңы мен 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша шамамен 200 млрд теңгені құрады.
Бізде шынымен үлкен мәселе болды, оны мойындаймыз. Жылдың басында төлем жасау үшін ақпараттық жүйе болмады. Қазір оны іске қостық, төлемдер кетті. Бірақ медициналық қызметтердің кепілдік берілген көлемі бойынша қаражаттың жеткіліксіздігі сияқты екінші мәселе туды, - деп жауап берді басқарма төрағасы.
Сқақов бұл мәселе қаржы тапшылығынан туындап отырғанын айтты.
Осы аптаның соңына дейін мамыр айына дейінгі міндеттемелерді жабамыз. Ал республикалық бюджеттен қаражат түскенде маусым, шілдені жабамыз. Кезең-кезеңімен алдағы 2 айдың ішінде барлық қарыздарды жабамыз деген жоспар қойып отырмыз, - деді ол.