Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сәрсенбі, мамырдың 22-сіне қараған түні Алматыда жантүршігерлік жол апаты болды, деп хабарлады Zakon.kz.
Мәлімет бойынша, КамАЗ жүк көлігі Сейфуллин даңғылымен оңтүстік бағытта кетіп бара жатқан. Ол Жібек Жолы көшесінің қиылысында солға бұрылмақшы болады. Осы сәтте солтүстікке бағыт алған BMW автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі көлік ішінде қысылып қалып, оны күл-талқаны шыққан автокөліктің ішінен шығарып алу үшін құтқарушыларды шақыртуға тура келді.
Алдын ала мәлімет бойынша, BMW-ның жүргізушісі мен жолаушысы зардап шегіп, олар ауыр халде аурухана төсегіне таңылған.
Жүк көлігін тізгіндеген жүргізушінің айтуынша, ол қарсы бағыттағы көліктерге бағдаршамның қызыл түсі жанған сәтте барып бұрылған екен. Оның сөзінше, BMW жоғары жылдамдықпен жүйткіп келіп, жолдың оң жақ шетімен бағдаршамның қызыл түсіне өте шыққан.
Көліктің жүргізушісі де, оның жолаушысы да жас жігіттер екені белгілі болды.