19 жастағы қателік: 26 жыл бойы арқалап келем...

24 Желтоқсан 2019, 18:33
6233
Бөлісу:
19 жастағы қателік: 26 жыл бойы арқалап келем...
Серіктестік материал

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мен Нұргүл Жиенбаева Шығыс Қазақстан облысынан хат жолдап отырмын. Мен 1993 жылы Семейдің №1 перзентханасында босандым, деп басталады "Бармысың, бауырым" хабарына келіп түскен кезекті бір хаттың мәтіні. 

Ол кезде жасым 19-да, қиын жағдайға түсем деп ойламадым. Туған-туыстан ұялдым, шыны керек, ата-анамнан қорықтым. Баламмен баратын жер болмады. Сол себепті баладан бас тартып, перзентханада тастап кеттім. Ұлым 1993 жылы 7 сәуірде туды, аты-жөнін Еркебұлан Аманғазыұлы Желдібаев деп өзім қойдым. Үш айдан кейін шешімімді өзгертіп, перзентханаға қайта бардым, бірақ маған кешіктің деп, ешкім ештеңе айтпай қойды. Өкініп өмір сүріп келе жатқаныма міне, 26 жыл болды. Қызым бар, ағасымен танысып, табысса деймін.

Бірнеше жыл қатарынан Семейге жол түскен сайын сол перзентханаға барып сұраймын, жауап жоқ. Ешкім ештеңе білмейді. Бұл өмірімдегі ең үлкен өкінішім. Шіркін, уақытты 26 жылға шегерсе ғой, ешкімнен ұялмай-ақ, сол ұлымды құшақтап үйге алып қайтар едім. Қателігімді мойындаған сайын ауыр ойдың салмағы артып барады. Өз еркіммен бас тартқанда дәрігерлер әкеп берген қағазға қол қойғаным ғана есімде. Ол құжатта не жазылғанын да оқымаппын...

Мүмкін баламды басқа отбасы асырап алған шығар. Мүмкін балалар үйінде өсті ме екен... Мына жарық дүниеде әкеліп, тастанды балалар қатарына қосқаным үшін кешірім сұраймын. Ұлым да мені іздеп жүр ме екен?..

Ұлым, кешірші мені! Мен сені іздеп жүрмін.

"Бармысың, бауырым?" хабарынан сүйінші жаңалық күтемін, үміт үзбеймін.

Айта кетейік, "Бармысың, бауырым" хабары "Қазақ радиосының" әуе толқынында сейсенбі, 10:15-те тікелей эфирде өтеді. Студияның байланыс нөмірі: +7(717-2)75-72-75 және +77075355383 – редактор Әсел Асқарқызы.

Өзгелердің жаңалығы