1,9 трлн теңге бөлінеді. Смайылов Абай облысын дамыту жоспарын айтты

24 Қаңтар 2023, 10:37
1111
Бөлісу:
1,9 трлн теңге бөлінеді. Смайылов Абай облысын дамыту жоспарын айтты

Абай облысын дамытудың кешенді жоспарында 100-ден астам іс-шара қамтылған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысының айтуынша, олардың ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру, тұрғын үй, әлеуметтік және өзге де инфрақұрылымды дамыту, азаматтық қорғау, сондай-ақ экология мәселелерін шешу көзделіп отыр.

Жоспардың жалпы бюджеті 1,9 трлн теңгеге жуық. Олардың басым бөлігі – жеке инвестициялар. Облыста, сонымен қатар, «Аягөз-Бақты-Қытай шекарасы» теміржол учаскесі, тау-кен байыту комбинаты, «Айдарлы» мыс кен орнын игеру, ет комбинаты, «құрғақ» порт және логистикалық парк сияқты ірі жобалар іске асырылады. Кешенді жоспар өңірдегі өнеркәсіп көлемі мен ауыл шаруашылығы өнімін 1,5 есеге, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың 3,5 есеге өсуін қамтамасыз етеді, - деді Әлихан Смайылов.

Премьердің айтуына қарағанда, жаңадан құрылған облыс сапалы дамуға жаңа серпін алады. Ең бастысы – 14 мың жұмыс орны құрылып, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Смайылов тиісті қаулы жобасын дауысқа салып, қабылдады.

Ұлттық экономика министрлігі мен облыс әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге Кешенді жоспардағы іс-шаралардың дер кезінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етсін, - деп бұйырды ол. 

Өзгелердің жаңалығы