Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Самбо күресінен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Керей Қойшыбек 74 жасына қараған шағында дүниеден озды. Қазақ спорты үшін орны толмас қаза жайлы марқұмның туыстары хабарлады.
Керей Қойшыбек – 1947 жылы бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданының Алғабас ауылында дүниеге келген. Самбо күресінен ұзақ жылдар бойы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарды. Нақтырақ айтқанда, 1992-2010 жылдары тізгінді ұстады. Осы уақыт аралығында қазақ балуандары самбо күресінен әлем чемпионатында 60-қа жуық жүлде еншіледі. Ерболат Байбатыров 4 мәрте, Асхат Шахаров 3 рет тұғырдың ең жоғары сатысына көтерілді. Сонымен қатар, Бауыржан Садыханов, Қоныс Жетпісов, Дәурен Жайнақов және Азамат Мұқанов секілді жігіттер әлем чемпионатынан алтын алды. Қыздардан 1996 жылы Токиода Сәуле Ғабдуллина және 2007 жылы Прагада Раиса Баялиева жеңіске жетті. Сонымен қатар, 50-ге жуық спортшы күміс пен қола медаль еншілеген.
Мен самбоны шексіз сүйетін адаммын. Бүкіл саналы ғұмырымды осы салаға арнадым. Кезінде спорт басшылары тарапынан «Алматыдағы спорт мектептерінің бірін басқарыңыз», «Дзюдошылар командасын жаттықтырыңыз» деген ұсыныстар да түскен. Шетелдіктердің де қолқа салғаны бар. Өзгесін айтпағанда, сонау Панама елінен шақырту алғанмын. Алайда жастайымнан серік еткен өнерді ешнәрсеге алмастырғым келмеді, - деген болатын Керей Қойшыбек бапкер тірі кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.