Осыған орай, Бейбітшілік және келісім сарайында «Рухани келісім – бейбітшілік негізі» атты конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы елімізде оның ішінде елордада 14 әртүрлі конфессиялардан құралған 54-тен аса діни бірлестік бар. Еліміз оның барлығын бір шаңырақта келісіммен, үйлесімді түрде ұйымдастырудың оң моделін көрсетіп отыр. Оған биыл өткен Дін лидерлерінің VII съезі дәлел. Бүгінгі шарамызға да 11 елден дін саласының майталмандары келіп отыр. Оның ішінде АҚШ-тан да, Еуропа мен Азиядан да келген қатысушылар бар, - дейді конференция модераторы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Ол сондай-ақ биыл діни бірлестіктермен 300-ден аса іс-шара өткізілгенін хабарлап, осы бағыттағы жұмыс әлі де жалғасатынын айтты.
Конференцияға Рухани келісім күнінің бастамашысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджанов та келді.
Алғаш рет рухани келісім идеясы бізге 1991 жылы келген. Республика сарайында 1992 жылдың 18 қазанында 3000 адам толы залда осы конгресстің ашылуы болды. Бұл тарихи оқиғаға айналды. Содан бері жыл сайын біз рухани келісім күнін өткізіп келе жатырмыз, - деді ол.
Конференция діни қарама-қайшылық пен экстремизмнің кез келген түрімен күресу бойынша халықаралық дәрежеде тәжірибе алмасуға, жаңа дәуірдегі адамның рухани және адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған.
Айта кетейік, конференцияны ұйымдастырушылар қатарында Астана әкімдігінің Діндерді зерттеу орталығы, «Мәдениет арқылы бейбітшілік» халықаралық қауымдастығы.