18 млн теңгеге дейін: Бір дәретхана ашуға қанша теңге кетеді

9 Шілде 2024, 13:17
925
Бөлісу:
18 млн теңгеге дейін: Бір дәретхана ашуға қанша теңге кетеді
Фото: pixabay.com

Үкіметте өткен брифингте Көлік министрі Марат Қарабаев жол бойында бір дәретхана ашуға қанша теңге кететінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елде ескі тәсілмен салынған суық дәретханалардың саны – 761. Олардың барлығы жолдарды реконструкциялау немесе жөндеу кезінде кезең-кезеңімен демонтаждалып, орнына жылы, жаңа дәретханалар қойылып жатыр. Осы күнге дейін 108 әжетхана қойылды, - деді министр.

Оның айтуынша, биыл қосымша тағы 48 дәретхана қойылады.

Басты мәселе жолдардың арақашықтығы үлкен, сосын оның қасында ешқандай елдімекен жоқ, оны күтіп-ұстау қажет. Күтіп-ұстау мәселесін шешу үшін дәретханаларды көбірек жанармай ауыстыру бекеттерінің ішінде немесе жолдың бойындағы туристік нысандардың аумағында немесе жергілікті нысандардың аумағында орналастыруды пысықтап жатырмыз. Жол маңындағы сервистік нысандар жоқ жерлерде қосымша бюджеттің есебінен орналастырып жатырмыз, - дейді министр Қарабаев.

Ведомство басшысы дәретхананы күтіп ұстайтын адамға қанша теңге төленетінін айтты.

Бір дәретхананы күтіп-ұстайтын адамға 300 мың теңге төлеп отырмыз. Бірақ бұл да жетпейді. Өйткені ол 24 сағат істеуі керек, бұл дегеніміз 2 кісі екі кезекшілікте істеуі керек. Сонда бір адамның басына 150 мың теңгеден. Екі кісі 150 мың теңгеден бөліп отыр, - деп айтты ол.

Министр журналистің бір дәретхананы орнатуға қанша кететіні туралы сұрағына жауап берді.

Арақашықтыққа, аумағына, көлеміне байланысты. Қазіргі баға 8 млн теңгеден 18 млн теңгеге дейін, - деп түсіндірді Марат Қарабаев.

Өзгелердің жаңалығы