Қазақстанның соңғы жаңалықтары

1,8 млн теңге: Жоғары жалақы беретін қызметтер белгілі болды

Бөлісу:
 Арман Мухатов  -архив
Фото: Арман Мухатов -архив

2025 жылғы желтоқсанда Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) еңбек нарығындағы теңгерім айтарлықтай өзгерді. Ай қорытындысы бойынша жұмыс берушілер 109,6 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер небәрі 71,5 мың түйіндеме орналастырған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, қараша айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 8,4%-ға немесе 8,5 мыңға артты. Ал түйіндемелер саны керісінше, 29,4%-ға (-29,8 мың) қысқарды. Нәтижесінде жыл соңында жұмыс күшіне деген сұраныс ұсыныстан едәуір асып, бос орындар саны түйіндемелерден шамамен 38 мыңға көп болды.

Әлеуметтік салаларда кадр тапшылығы сақталып отыр

Жұмыс берушілер тарапынан ең жоғары сұраныс дәстүрлі түрде әлеуметтік және базалық салаларда қалыптасты. Желтоқсанда ең көп бос жұмыс орны білім беру саласында тіркелді – 23,3 мың немесе барлық ұсыныстың 21,3%-ы. Оған жақын көрсеткіш өзге қызмет түрлерінде де байқалды – 23,2 мың бос орын (21,2%).

Сонымен қатар ауыл, орман және балық шаруашылығында да кадрға сұраныс жоғары болып, бұл салада 18,7 мың бос жұмыс орны жарияланды. Жалпы алғанда, осы үш бағыт желтоқсан айындағы барлық бос жұмыс орындарының шамамен 60%-ын қамтыды.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 7,2 мың, өңдеуші өнеркәсіпте – 6,2 мың, көтерме және бөлшек саудада – 6,1 мың, ал құрылыс саласында 3,8 мың бос жұмыс орны ұсынылды. Бұл жұмыс берушілердің жыл соңында да негізгі салалар үшін кадр іздеуді тоқтатпағанын көрсетеді.

Жұмыс іздеушілер қандай мамандықтарды таңдады?

Жұмыс іздеушілер арасында кеңселік және әлеуметтік бағыттағы мамандық иелері белсенді болды. Ең көп жарияланған түйіндемелер бухгалтерлерге (1 463), медициналық мейірбикелерге (1 181) және заңгерлерге (1 132) тиесілі.

Гендерлік бөлініс бойынша айырмашылық айтарлықтай байқалмады: түйіндемелердің 52,1%-ын әйелдер, 47,9%-ын ер адамдар орналастырды. Әйелдер көбіне білім беру, денсаулық сақтау және бухгалтерия салаларында жұмыс іздесе, ерлер техникалық және басқарушылық бағыттарға басымдық берді.

Желтоқсанда жарияланған түйіндемелердің негізгі бөлігі 35 жасқа дейінгі жастарға тиесілі болды – 40,8%. Оның ішінде 24 жасқа дейінгі жастардың үлесі 15,2%-ды құрады. Ал 35–44 жас аралығындағы жұмыс іздеушілер – 29,9%, 45–54 жас санаты – 19,1%. 55 жастан асқандардың үлесі 10,2% деңгейінде қалды.

Жалақыдағы алшақтық байқалады

Жалақы ұсыныстары бойынша ең жоғары көрсеткіштер өндіріс басшысы (шамамен 1,8 млн теңге), кеніш директоры (1 млн теңге) және инженер-химик (1 млн теңге) лауазымдарында тіркелді.

Ал жұмыс іздеушілер тарапынан ең жоғары жалақы күтімі агроном-энтомологтарда (шамамен 3,4 млн теңге), стюардессаларда (3,3 млн теңге) және компьютерлік жабдықты монтаждаушыларда (2,7 млн теңге) байқалды.

Жалпы алғанда, 2025 жылғы желтоқсан ЭЕБ-де бос жұмыс орындарының өсуімен және жұмыс іздеушілер белсенділігінің төмендеуімен ерекшеленді. Бұл – жыл соңына тән маусымдық үрдіс. Көп азамат жұмыс іздеуді жаңа жылдың басына қалдырған.

Өзгелердің жаңалығы