Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Ұлт Көшбасшысының күні Қарағандыда тойлануда.
Осы айтулы мерекеге орай Полиция департаментінде салтанатты шара ұйымдастырылып, қызметтік міндетін мінсіз атқарған құқық қорғаушыларға құрмет көрсетілді.
1 желтоқсанда барлық қазақстандықтар Елбасы күні мейрамын атап өтеді. Осы күнге орай ҚР Ішкі істер министрі мен облыстық Полиция департаментінің басшысының бұйрығымен 200-ге тарта полицей марапатталды.
Елбасының есімі Қазақстан тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылды. Мемлекетіміздің қалыптасуы, тәуелсіздік алуымыз Нұр-Сұлтан Назарбаевтың атымен тығыз байланысты. Қазақстанның Ішкі істер органдарының тарихы да Елбасының өмір жолымен біте қайнасқан. Бүгінгі күні әлемдік аренада біздің елімізді бейбітшілік сүйгіш, әрі дамушы мемлекет ретінде таниды. Ұлт Көшбасшысының ел экономикасын көтеру, басқа мемлекеттермен арақатынас, саясат салаларындағы рөлі орасан. Елбасы еліміздің Ішкі істер қызметіне де үлкен қолдау беріп келеді. Осы орайда барлық қазақстандықтарды мемлекеттік мерекемен құттықтаймын. Әріптестерімнің өз ісіндегі кәсіби қызметін айта отырып, олардың қылмыспен талмай күресудегі, заңдылықты сақтаудағы жұмыстарына алғысымды білдіремін. Облыстың полиция қызметіндегі барлық қызметкерлердің жұмысына жетістік, отбасыларына бақыт тілеп, еліміздің қоғамдық қауіпсіздігін сақтаудағы істеріне сәттілік тілеймін, - деді шараның ашылу салтанатында Полиция департаментінің басшысы Ерлан Файзуллин.
Мерекелік шарада қызметтік міндетін атқарудағы адал жұмыстары мен кәсібилігі, қызметтік жолындағы жоғары көрсеткіштері үшін 178 құқық қорғаушы марапатталды.
Олардың арасында облыстық Полиция департаментінің кіші лейтенанты Ерлан Амалбаевта бар. Ол ҚР ІІМ-нің "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды. Кіші лейтенант үстіміздегі жылдың 4 шілдесінде қаланың орталығындағы көшелердің бірінде жолдың шетінде талмасы ұстап, құлап жатқан ер адамды байқап, оған алғашқы көмек көрсетіп, өмірін арашалап қалған еді. Полицейдің ісі қарағандылықтар арасында ерекше қолдауға ие болды. Әлеуметтік желі қолданушылары Ерлан Аманбаевтың үйсіз-күйсіз адамды аман алып қалғандығына алғыс білдірген болатын. Бұл жайында полицейдің өзі былай дейді.
Көмек көрсету қажет болғанда адамдарды статусына қарай бөлмеймін. Біріншіден, бұл менің жұмысым, екіншіден, менің орнымда болған кез келген адам осылай жасар еді деп ойлаймын. Ал ол адамның үй-күйі жоқ адам болуы, киімінің таза болмауы мені жауапкершіліктен босатпайды. Оған көмектеспей, осындай жағдайда қалдырып кетуге дәтім бармады, - дейді ол.