Қазақстан газ саласын қайта жандандыруға білек сыбана кірісті. Президент жаңа кен орындарын іздеуді күшейтіп, табиғи газдың әлеуетін арттыруды тапсырды. Үкімет 50-ге жуық жер қойнауы учаскесін электронды аукционға шығарып, геологиялық барлауға инвестор тартудың соңғы жылдардағы ең ірі кезеңін бастайды. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда 14 учаскеде жұмыс жүріп жатыр, орта мерзімде бұл көрсеткіш 30-ға дейін ұлғайып, ресурстық база 1,7 трлн текше метрге жетуі мүмкін. Алайда газ барлау – тек сан емес, тәуекел. Инвестор тарту оңай ма? Келсе, нәтиже бола ма? Осы жолы бастаманы соңына дейін жеткізе аламыз ба? BAQ.KZ тілшісі тақырыпты зерделеп көрді.
515 млрд текше метр және 1,7 трлн перспектива
Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда алдын ала ресурстық бағалауы шамамен 515 млрд текше метр газды құрайтын 14 учаскеде геологиялық жұмыстар жүргізілуде. Орта мерзімді перспективада портфель 30 учаскеге дейін кеңейтіліп, жиынтық ресурстық бағалау 1,7 трлн текше метрге жетеді деп жоспарланып отыр.
Министрлік бұл қадам өндірісті ұлғайтуға және ішкі сұранысты жабуға тұрақты негіз болатынын айтады. Сонымен қатар геологиялық тәуекелдерді бөлу және инвестициялық белсенділікті арттыру үшін 50-ге жуық учаске электрондық аукциондарға шығарылмақ.
Қаржыландыру "QazaqGaz", "Самұрық-Қазына" және жеке инвесторлар есебінен қамтамасыз етіледі. Егер барлау келісімшарты ұлттық компанияға тиесілі болса, барлық тәуекел мен шығынды ұлттық компания өзі көтереді. Ал стратегиялық серіктеспен бірге алынған жағдайда, барлау кезеңіндегі шығын мен тәуекел серіктеске жүктеледі.
Сонымен бірге инвестициялық қызметті жандандыру және геологиялық тәуекелдерді бөлу мақсатында жер қойнауының 50-ге жуық учаскесін электрондық аукциондарға шығару жоспарлануда. Осы учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру "QazaqGaz", "Самұрық-Қазына" және инвесторлардың қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін болады, - деп жауап берді министрлік редакцияның ресми сауалына.
Алғашқы газды 2029 жылы алу жоспарланған. 2026–2027 жылдары ауқымды геофизикалық зерттеулер мен барлау ұңғымаларын бұрғылау көзделген. Егер барлау сәтті өтсе, 2030 жылға қарай қосымша шамамен 3 млрд текше метр газ өндірілуі мүмкін.
"Барлау – үлкен тәуекел"
Қазақстандық мұнай-газ сарапшысы, SPEE мүшесі Абзал Нарымбетов бастаманың басты мәселесі – қаржыландыру мен орындау сапасында екенін ашық айтты.
Газдың қорын анықтау үшін әрине, ең алдымен барлау керек. Барлау үшін қаражат құю керек. Бұл жерде қаражат көзі кімнен келеді, сол маңызды болып тұр. Қаражат көзі "ҚазақГаз", "Самұрық-Қазына"және жеке инвесторлардан келетіні айтылды. Бұл жерде айналып келгенде, жеке инвестор келмесе, ұлттық компания, яғни мемлекет қаржыландырады. Себебі соңғы 5 жылда газ кен орындарына инвесторлардың қарқыны артты деп айта алмаймыз. Компаниялар әрі кетсе, барлау істеріне меморандумға қол қояды да, одан кейін ұңғыманы қаза бастағандары туралы ақпарат белгісіз болып қалады, - дейді Абзал Нарымбетов.
Сарапшы Қазақстандағы жүйелік проблема бастамада емес, орындалуында екенін атап өтті.
Жалпы, бізде идея, бастамасы жақсы, әрі қарай оны орындау проблема. Естеріңізде болса, 62 трлн газ қоры бар деп, кейін оны ресурс деп айтылып, жаңалықтарда пиар мақсатында көп таратылды. Бірақ оның орындалу жағынан мониторинг жасалмайды. Дәл осындай 10 жыл бұрын, 20 жыл бұрын қабылданған стратегияның аты өзгергенмен, заты өзгерген жоқ. Инвесторлар келмей жатса, ұңғымалар табылмай жатса, демек проблема – орындалуында, - деді ол.
Нарымбетов барлаудың табиғаты тәуекелге негізделетінін нақты статистикамен түсіндірді:
Жалпы, мұнай және газ кен орындарын барлау – ол үлкен "риск". "Риск" деп отырған себебім, тіпті қазақша айтып жүрген "тәуекел" сөзі – риск алғаннан кейін болатын кезең. Дүние жүзінде орташа есеппен Норвегияны алсақ, 1965 жылдан бері барлау саласында қаншалықты сәтті аяқталғаны туралы статистика бар. Орташа есеппен әр 3 ұңғыманың біреуі ғана сәтті аяқталады. Көрдіңіз бе, қандай үлкен "риск"? - деп түсіндірді спикер.
Оның айтуынша, Қазақстанда барлау статистикасының ашықтығы да жеткіліксіз.
Әкімшілік кедергілер мен уақыт
Сарапшының сөзінше, мәселе келісімшарт түрінде емес.
Соңғы 5 жылға қарайтын болсақ, ірі халықаралық ойыншылардан "Шеврон" компаниясының ғана аты шықты. Қазір қаншалықты орындалуда, ол жағы белгісіз. Айтып тұрғанымдай, бастамасы керемет, орындалу жағы проблема. Демек әлі проблема бар. Бәлкім, алпауыт болмаса да, орта қытай компаниялары "ҚазақГаз"-бен келіссөз жүргізіп жатыр. SNPC, Geo-Jade Petroleum деген компаниялар бар. Қаншалықты компаниялар сенімді, ұзақмерзімді, тәжірибе мен технологияға ие, ол жағы белгісіз. Мониторинг жасалса, ол компаниялардың кен орнын алып, дамытуға деген ниеттері қаншалықты екені су бетіне шығар еді. Сондықтан ол жақтан да мемлекеттік саясат болуы ықтимал.Екіншіден, басқа шетелдік үлкен компанияның аты естілмеді. Демек әлі проблема бар, - дейді ол.
Айтуынша, Қазақстанда бір кен орнын барлаудан бастап өндіріске дейін жеткізуге кемінде 6–10 жыл кетеді.
Аукцион мен келісімге қол қоюдан бастап, учаскені алу да көп уақытты алады. 10 жылдан бері бұл әкімшіліктік кедергілер күшеймесе, жеңілдетілген жоқ. Мемлекеттің бақылауы өте жоғары. Егер инвесторларға сенім артылмаса, істің жүзі осындай болып қала бермек, - дейді Абзал Нарымбетов.
"Ойын ережесін өзгерттік"
Ал экономист Айбар Олжай геологиялық барлау саласында жағдай айтарлықтай жақсарғанын айтады.
Біз геологиялық барлаудағы ойын ережесін түбегейлі өзгерттік қой. Қазір барлағысы келетін инвесторларға барлық жағдай жасалған. Бізге барлауға инвестициялық капитал тарту керек. Қазір барлау шарттары айтарлықтай жұмсарды. Инвесторларға нақты бір келісімшарт режимі бар, - деді сарапшы.
Ол мемлекет ұзақ мерзімге кепілдік беріп отырғанын ерекше атап өтті.
Инвестор үлкен соманы алып келсе, ол үшін келісілген шарттар ұзақ уақыт бойы өзгермейтініне мемлекеттік кепілдік беріп отырмыз. Мысалы, 50 жыл десек, сол уақыт бойы өзгермейтін болады. Бұл инвесторлар үшін өте қолайлы, - дейді ол.
Сонымен қатар рейдерліктен қорғау және институционалдық қауіпсіздік мәселелері де қарастырылғанын алға тартты.
Егер ол тапса, сол кеніш өзінікі болады. Аукцион арқылы алып, өзі тапса, әрі қарай өзі игереді деген кепілдіктер бар. Бұл инвестор үшін маңызды бап, - деп түсіндірді спикер.
Газ – экспорт емес, ішкі тірек
Айбар Олжай Қазақстан өзін газ державасы ретінде қарастырмайтынын ашық айтты.
Мұнайдан газға стратегиялық ауысу қаншалықты оптимист болсақ та, мүмкін емес сияқты. Себебі бізде газ қорлары табылып жатқанымен, біз газ державасы емеспіз. Түркіменстан, Қатар, Ресей секілді үлкен қор жоқ. Мұнай біз үшін стратегиялық ресурс болып қала береді, - дейді экономист.
Оның айтуынша, газ ең алдымен ішкі экономика үшін қажет.
Газ – біздің ішкі тұрақтылығымыз. ЖЭО-ларды газға ауыстыру, зауыттар, кеніштер, ауыл шаруашылығы, жылыжайлар – бәріне газ керек. Бұл – азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту, - дейді Айбар Олжай.
Қазақстан газ барлауын жаңа кезеңге шығаруға талпынып отыр. 50 учаске аукционы, 1,7 трлн текше метр ресурстық перспектива, 2030 жылға қарай қосымша 3 млрд текше метр өндіру жоспары – бәрі амбициялы сипатқа ие.
Бірақ барлау – статистика емес, тәуекел. Әр үш ұңғыманың біреуі ғана нәтиже беруі мүмкін. Әкімшілік кедергілер, инвестор сенімі, бюрократиялық тосқауыл – бұлар шешілмесе, бастама қағаз жүзінде қалуы ықтимал.
Бір жағынан"ережелер өзгерді, кепілдік бар" десек, екінші жағынан "мәселе жүйеде, орындауда" жатыр.
Ал шындық біреу: газ Қазақстан үшін экспорттық амбиция емес, ішкі тұрақтылық пен энергетикалық тәуелсіздік мәселесі. Егер барлау шын мәнінде жеделдеп, инвесторлар сеніммен кіріп, әкімшілік кедергілер азайса – 50 учаске жаңа мүмкіндікке айналуы мүмкін.
Егер өзгеріс тек құжатта қалса, газ барлау тағы да бастамалар қатарында ғана қалуы ғажап емес.