Абай облысында 17 жастағы жасөспірім интернетте жалған хабарландырулар жариялап, 160 мың теңгеге жалған пәтерлерді беремін деп 33 адамды алдаған. Келтірілген жалпы шығын 665 мың теңгені құрады. Іс сотта қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот тұрғын үйді жалға беру туралы жалған хабарландыруларды орналастыру арқылы жасалған алаяқтық фактілері бойынша үкім шығарды.
Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2001 жылы туған Ә.-ге және 2007 жылы туған Н.-ге қатысты бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық іс қаралды.
2024 жылғы қазан айында кәмелетке толмаған Н. Талдықорған қаласында бола отырып, K*** сайтында Астана қаласында орналасқан тұрғын пәтерді ай сайын 160 000 теңгеге жалға берілетіні туралы көрінеу жалған хабарландыру орналастырған. Алайда, Н. аталған тұрғын үйге нақты иелік етпеген, сол арқылы жылжымайтын мүлік нысанының бар-жоғы мен сипаттамалары туралы әлеуетті жалға алушыларды жаңылыстырған, - деп хабарлады Абай облысы сотының баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, 2025 жылғы мамыр айында кәмелетке толмаған Н.-нің туысы Ә. де Талдықорған қаласында бола отырып, өзіне алған міндеттемелерді орындау ниеті болмағанына қарамастан, K*** электрондық платформасында Алматы қаласында орналасқандай көрсетілген тұрғын үйді ай сайын 60 000 теңгеге жалға беру туралы көрінеу жалған хабарландыру жариялаған.
Бұл ретте Н. мен Ә. орналастырылған ақпараттың шынайылығын растау үшін хабарландыруларға жалған фотосуреттер тіркеген. 2024 жылғы 31 қазанда Астана қаласының тұрғыны жалға пәтер іздеу барысында WhatsApp мессенджері арқылы Н.-мен байланысқа шыққан. Н. жалдау ақысының алдын ала төлемі ретінде жәбірленушіден онлайн-аударым арқылы 10 000 теңге алып, ақша түскеннен кейін пәтердің мекенжайын хабарлайтынын уәде еткен. Осыған ұқсас тәсілмен қылмыстық іс фигуранттары Семей қаласын қоса алғанда, тағы 33 адамды алдаған. Қасақана әрекеттерінің нәтижесінде Ә. мен Н. жәбірленушілерге жалпы сомасы 665 000 теңге мөлшерінде материалдық зиян келтірген, - деп жазылған сот хабарламасында.
Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Н. мен Ә. ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмысты (Алаяқтық) жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Ә.-ге 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы, бүкіл мерзімге пробациялық бақылау белгілеумен тағайындалды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған амнистия туралы Заңды қолдануға байланысты жаза мерзімі 1/3 бөлікке қысқартылып, түпкілікті 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы, пробациялық бақылау белгілеумен тағайындалды. Н.-ге 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы, пробациялық бақылау белгілеумен тағайындалды, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Қосшыда қалыңдық тойға дайындық кезінде 1,5 млн теңгемен “жоғалып” кеткені хабарланды.