Қытай билігі Украина президенті Владимир Зеленскийдің "кемінде 155 қытай азаматы Ресей армиясының қатарында соғысып жүр" деген мәлімдемесіне жауап қайтарды, деп хабарлайды BAQ.KZ Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Біз тиісті тараптарға Қытайдың рөлін дұрыс әрі айқын түсінуге, жауапсыз пікір білдірмеуге кеңес береміз, – деді Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь бейжібде өткен баспасөз жиынында.
Оның айтуынша, Қытай бұл соғысқа қатыспайды және қақтығысты бейбіт жолмен шешуді қалайды.
Бұған дейін Зеленский Ресейдің Қытай азаматтарын жалдап жатқаны туралы Қытай үкіметі хабардар екенін мәлімдеген еді. Ол Донецк облысында екі қытайлық азаматтың ұрыста тұтқынға түскенін айтып, Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сыбихаға бұл мәселеге байланысты Қытаймен дереу байланыс орнатуды тапсырғанын жеткізді.
АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Брайан Хьюз:
Егер Қытай үкіметі өз азаматтарының Ресей атынан соғысуына жол беріп отырса, бұл өте қауіпті қадам. АҚШ мұндай жағдайда тиісті шаралар қабылдауды қарастырады, – деді ол.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресей армиясы жағында соғысқан Қытайдың екі азаматын тұтқынға алғанын мәлімдеген болатын. Бұған қатысты Қытай пікір білдіргені туралы да жазғанбыз.
Ал бүгін Владимир Зеленский екі ел арасындағы соғыста Ресей армиясында 155 қытайлықтың соғысып жүргенін айтты.