2024 жылы Қызылордада 15 жастағы қызға үйленген 21 жастағы жігіт 12 жылға сотталды. Бұл оқиға Қазақстандағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты маңызды мәселені көтерді. Екі жақтың ата-анасының рұқсатымен имам некесін қиғанымен, заңды тұрғыда 16 жастан төмен болуы қыздың құқықтарына нұқсан келтіріп, бұл жағдай қылмыстық сипат алды. Қандай жаза қолданды, бұл педофилизм қылмысы емес пе? Заң өкілдерімен мәселенің мән-жайын анықтаған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жағдай қалай болды?
Қызылорда облысында екі жақтың ата-аналарының рұқсатымен 21 жастағы жігіт пен 15 жастағы қыз ауыл имамына некесін қидырған. Кейіннен 15 жастағы қыз жүктілігіне байланысты дәрігерге көрінген. Ал емхана қызметкерлері бұл ақпаратты полицейлерге жеткізеді. Осыдан кейін 21 жастағы жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалады.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 25 қарашадағы үкімімен жабық сот отырысында сотталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 122-бабының 3-бөлігі 1)-тармағымен (көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау) кінәлі деп танылды. Сотталушы педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына шеттетіліп, 12 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Сот үкіміне 2024 жылғы 17 желтоқсанда апелляциялық шағымдар түскен.
Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қаңтардағы қаулысымен бірінші саты сотының үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды, - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық сотынан.
Жігіттің жазасын жеңілдетуге бола ма?
12 жыл бас бостандығынан айырылған 21 жастағы жігітіттің алған жазасына қатысты адвокаттың пікірін білдік.
Бізде неке және отбасы туралы заңға сәйкес кәмелет жасқа толғаннан бастап некеге тұруға рұқсат берілген. Яғни 18 жастан бастап. Ал енді қыз жүкті болып қалған жағдайда, ортақ балалары болған жағдайда екі жасқа төмендетіп неке қиюға рұқсат берілген. Ол 16 жастан бастап болады. Ал енді 21 жастағы жігіт 15 жастағы қызды жүкті қылса, жыныстық қатынасқа түсетін болса, ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабының 3-бөлігінде көрсетілген, яғни кәмелет жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу қылмыс болып саналады. Ол арнайы заң. Заң болғаннан кейін орындауға міндетті. Мешітке некесін қидыру заңды болып есептелмейді. Ол мұсылманша деп айтылады. Ата-анасы рұқсат берсе де, қыз кәмелет жасқа толмаса, жыныстық қатынасқа түссе, қылмыс болып саналады. Өйткені заңда жауапкершілік көзделген. Бұның жазасы 7 жылдан 12 жылға дейін, - дейді адвокат Әлімжан Жұбатқанов.
Қылмыстық кодекс бойынша 15 жастағы қызбен некеге тұру қандай құқықтық салдарға әкеледі? Аппелациялық шағым болған жағдайда жігіттің жазасын жеңілдету жағдайлары бар ма? деген сауалымызға адвокат былай деп жауап берді. Бұл сұрақты қоюымыздың негізгі себебі – 15 жастағы қыз 21 жастағы жігіттің үйінде келіндік қызметін атқарып жүр. Алайда өздерімен байланысу мүмкін болмады.
Жаңа айтып өткендей, 7 жылдан 12 жыл дедім. 12 жылды әлі де түсіруге болады. Жеңілдететін мән-жайларды жазып, екі жақтың да рұқсаты бар, алдағы уақытта қыз 16 жасқа толғаннан кейін заңды некеге тұрады және ерікті келісім болғанын көрсету керек. Жазасын жеңілдетуге болады. Сондықтан бұл еліміздегі қылмыстық кодексте, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болғандықтан осы заңды барлығы біліп жүруі керек. Қазір өкінішке қарай, жасөспірімдер арасында мұндай жағдайлар көбейіп кетті ғой. Кейбіреулер осындай заңды білсе де айтпайды. Дәрігерге қаралмайды. Жүкті болып қалған жағдайда баласын түсіріп тастайтындар бар, - дейді Әлімжан Жұбатқанов.
Имам сөгіс алды
Екі жастың некесін қиған имамға қандай шара қолданылды? Қазақстан мұслымандары діни басқармасына хабарласып, мән-жайды білдік.
Бұл жағдай былтыр болған. Біз жылдың аяғында айналыстық. Неке қиған имамға сөгіс берілді. Содан кейін бүкіл облыстағы имамдарға неке қию ережесі деген құжат бар. Сол құжаттың негізінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ол құжатта кәмелетке толсын, толмасын заңды неке қию туралы құжаты болмаса, неке қиюға болмайды, - деді Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев.
Статистика сөйлесін
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне назар аударсақ, соңғы 5 жылда 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан. Бұл пандемия кезінде басталған. Соңғы 4 жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келе жатыр. 2023 жылы жасөспірім қыздар арасында 5094 босану фактісі тіркелген. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құрайды.