Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы қай кезеңде туған балалар және қалай тағайындалатыны туралы айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәселен, электронды үкімет сайтында әйел неліктен жәрдемақы төлеу 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туған балаларға ғана қатысты болады деген сұрақ қойған екен.
Егер осы заң күшіне енген кезде бала 1,5 жаста болмаса, екі ай бұрын туған балаға беріледі ме? - деп суал тастаған әйел.
«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңға сәйкес туылған, асырап алынған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған балалары бар отбасылардың балалары бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бала күтімі жөніндегі жәрдемақыны төлеу кезеңін бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзарту 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылатын болады. Осылайша, заңға өзгерістер 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі.
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңның 37-бабына сәйкес, нормативтік құқықтық актінің күші ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды, - деп түсіндірді Еңбек министрлігі.
Сондай-ақ, Азаматтық кодексте азаматтық заңнама актілерінің кері күші болмайтыны және олар қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған қатынастарға қолданылатыны белгіленген.
Осыған байланысты бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу 2023 жылғы 1 қаңтарда тоқтатылған адамдарға заңнамаға енгізілетін өзгерістер қолданылмайтын болады, – деп қорытындылады ведомствода.
Жұмыс істейтін әйелдер мен ерлер үшін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ы. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады.
Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы белгіленген:
бірінші балаға-5,76 АЕК (18 316 теңге);
екінші балаға-6,81 АЕК (21,655 теңге);
үшінші балаға - 7,85 АЕК (24 963 теңге);
төртінші және одан жоғары АЕК – 8,90 (28,302 теңге).
2021 жылы бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақыны шамамен 385 мың адам алды, оның 3,5 мыңға жуығы – ер адамдар.
Сонымен қатар, бала туылған кезде біржолғы жәрдемақы тағайындалады. Ол бірінші, екінші және үшінші баланың туғанда 38 АЕК (120 840 теңге).
Төртінші балаға ата-аналар 63 АЕК (200 340 теңге) астам жәрдемақы алады.