Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 15 маусымнан бастап Алматыда кинотеатрлар іске қосылады деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
Әлеуметтік желілерде 15 маусымнан бастап Алматы қаласында кинотеатрлар ашылады деген ақпараттың тарауына байланысты, бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлаймыз. Алматыда коронавирус инфекциясының тіркелу қарқыны төмендемей тұрғаны себепті, қазіргі уақытта Алматы қаласының аумағындағы кинотеатрлардың жұмысын жаңарту мәселесі қаралған жоқ. Бүгінгі таңда Алматы қаласында коронавирус инфекциясының 3005 оқиғасы тіркелді. Жұқтырудың негізгі көзі - адамдар көп жиналатын орындар, олардың арасында кинотеатрлар бар - деді Жандарбек Бекшин.