Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтің Әзербайжанға сапары басталды. Сапар аясында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Түрікменстанға «Достлуқ» атты мұнай танкерін сыйға тартты.
Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 22 маусым күні Ильхам Әлиев пен Сердар Бердімұхамедовтің қатысуымен онлайн форматта «Достлуқ» мұнай танкерін тапсыру рәсімі өтті.
Фото: president.az
Түрікменстанға сыйға берілген танкер Әзербайжанның Баку кеме жасау зауытында салынған. Кеменің ұзындығы 141 метрді, ені 16,9 метрді, ал шөгу тереңдігі 4,54 метрді құрайды. Танкердің жүк көтергіштігі (дедвейті) – 7875 тонна.
Әзербайжан тарапы бұл жобаның елдегі кеме жасау өнеркәсібінің даму деңгейін көрсетіп қана қоймай, Әзербайжан мен Түрікменстан арасындағы достық және әріптестік қатынастарды нығайтуға үлес қосатынын атап өтті.
Фото: president.az
Сондай-ақ аталған танкер Баку кеме жасау зауытының ауқымды әрі технологиялық тұрғыдан күрделі жобаларды жүзеге асыруға қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Фото: president.az
Қазіргі уақытқа дейін зауыт 14 кеме жасау және 170-тен астам кеме жөндеу жобасын сәтті аяқтаған. Бүгінде кәсіпорынның тапсырыс қоржынында 17 кеме бар. Оның 11-і құрылыс кезеңінде болса, тағы 6 кеменің жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.