Қазақстанда оқушыларды жұмыспен қамту және кәсіптік бағдарлау бағытында жаңа цифрлық мүмкіндіктер енгізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, былтырдан бастап Электрондық еңбек биржасы платформасында «Менің жазғы каникулым» арнайы бөлімі іске қосылған.
Жаңа бөлім 14 жастан асқан мектеп оқушылары мен студенттерге платформада тіркеліп, жеке кабинет ашуға, түйіндеме орналастыруға және өз бетінше лайықты бос жұмыс орындарын іздеуге мүмкіндік береді, - деді Ертаев.
Ал 16 жасқа толмаған оқушылар үшін тіркелу мен жеке кабинет ашу рәсімін заңды өкілдері - ата-аналары немесе қорғаншылары жүзеге асырады.
Министрдің сөзінше, платформа жасөспірімдерге қауіпсіз әрі ресми түрде жұмыс іздеуге жағдай жасап, міндетті еңбек шарттарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Ведомство мәліметіне сәйкес, «Менің жазғы каникулым» платформасы арқылы 2026 жылдың басынан бері 1 024 оқушы жұмысқа орналасқан.
Ал 2025 жылы аталған жоба аясында 4 552 оқушы еңбекпен қамтылған.
Министрлік бұл бастама жасөспірімдердің алғашқы еңбек тәжірибесін қалыптастыруға, кәсіби бағдар алуына және жазғы демалыс кезінде уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.