Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері Георгий Цурцумия Алматыдағы Азия құрлығы бойынша Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңіне қатысатын болды.
Олимпиада ойындарына жолдама беретін құрлықтық іріктеу додасы 9-13 сәуір аралығында Алматыда өтеді. Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметі бойынша, грек-рим күресінен Қазақстан кұрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов Алматыдағы Азия чемпионаты мен лицензиялық турнирге қатысатын балуандар тізімін жариялаған. Арасында Георгий Цурцумия да бар. Ол 130 келіде ел намысын қорғайды.
Грек-рим күресінен төрт салмақта Олимпиада лицензиясына төмендегі балуандар таласады:
67 келі: Мейіржан Шермаханбет
87 келі: Нұрсұлтан Тұрсынов
97 келі: Олжас Сырлыбай
130 келі: Георгий Цурцумия.
Ұлттық құраманың ұзақ жылдар бойы үздігі атанып, екі Олимпиада ойындарына қатысқан Алмат Кебіспаев лицензиялық турнирден сырт қалды. Ол Италияда өткен рейтингілік турнир финалында Мейіржан Шермаханбеттен 0:9 есебімен ұтылған болатын. Осыдан соң, бапкерлер Мейіржанға мүмкіндік беруді жөн санады. Сондай-ақ үлкен спортпен қоштасып, биыл 40 жасқа толған Георгий Цурцумия кілемге қайта оралды. 2004 жылғы Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері бірнеше жылдан бері бапкерлік қызмет атқарған болатын. Араға ұзақ уақыт салып Георгий ұлттық құрама қатарына қайта қосылып отыр. Нұрсұлтан Тұрсынов пен Олжас Сырлыбай биыл ел чемпионатында көзге түсіп, Италиядағы рейтингілік турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінген. Лицензиялық турнирден соң іле-шала күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталады.
Құрлық додасында грек-рим күресінен төмендегі балуандар бақ сынайды:
55 келі: Жансерік Сәрсенбиев
60 келі: Айдос Сұлтанғали
63 келі: Сұлтан Әсетұлы 67 келі: Алмат Кебіспаев
72 келі: Азат Садықов
77 келі: Демеу Жадыраев
82 келі: Евгений Поливадов
87 келі: Азамат Күстібаев
97 келі: Ерұлан Ысқақов
130 келі: Әлімхан Сыздықов.
Азия біріншілігі 18 сәуірге дейін жалғасады.