Қазақстанның соңғы жаңалықтары

13 жастағы балаға жасалған зорлықты жасанды интеллект анықтады

Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві
Фото: BAQ.KZ архиві

Павлодар облысында прокуратура іске қосқан жасанды интеллект жүйесі арнайы орталықта 13 жастағы балаға күш қолдану фактісін анықтады. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 109-1-бабымен іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Павлодар облысында прокуратураның бастамасымен «Зорлық-зомбылыққа қарсы жасанды интеллект» атты бірегей жоба жүзеге асырылып жатыр. Психоневрологиялық бұзылыстары бар балаларға арналған мамандандырылған орталықта енгізілген ақылды бейнебақылау жүйесі агрессия белгілерін – ұру, айқайлау және құлау сәттерін – автоматты түрде анықтап, заңбұзушылық туралы жедел хабар береді.

2025 жылғы 30 желтоқсанда жасанды интеллект аутизмі бар 13 жастағы балаға күш қолданылғанын тіркеген. Бейнекамералар орталықтың күзетшісінің тәрбиеленушіге қатысты физикалық күш қолданғанын анық көрсеткен.

Нейрожүйе деректерінің негізінде полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы («Соғу») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Бұл – жобаның іске асырылуы барысында тіркелген екінші жағдай. Бұған дейін де жүйе орталық қызметкерінің (санитардың) заңсыз әрекетін әшкерелеп, ол адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жұмыстан босатылған.

Прокуратура бұл жобаның балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуда және дер кезінде анықтауда тиімді құрал екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы