13 әскери қызметкер жанармай ұрлады деп айыпталып отыр

16 Мамыр 2023, 16:50
1363
Бөлісу:
13 әскери қызметкер жанармай ұрлады деп айыпталып отыр

Ақтауда 13 әскери қызметкер мен «Қазмұнайгаз-аэро» ЖШС-дан бір маман аса ірі көлемде ақша иемденіп, жымқырды деп айыпталды, деп хабарлайды сол өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Күдіктілер әскери автокөліктерге арналған жанар майды қолды еткен көрінеді. Лауазымды әскери қызметкерлер айыпқа белшесінен батып отыр.

Оқиғаның басы 2019 жылы басталған. Сол жылы маусым айында Ақтауда орналасқан 25744 әскери бөлімге  Қарулы күштерге бензин мен дизель отынын жеткізу жөніндегі бірыңғай оператор «Қазмұнайгаз-аэро» ЖШС-і құны 38 211 600 теңгеге 150 тонна жазғы дизель отынын әкелуі қажет еді.

Мемлекеттік айыпталушылардың айтуынша, тамыз айында осы бөлімнің командирі, подполковник Мұрат Арапбаев ЖЖМ қызметінің бастығы, майор Мәлік Бисембеев пен қойма бастығы, сержант Лесбек Бердібаевты өзіне шақырады. Дәл сол кезде оқу-жауынгерлік машиналар ротасында сабақ өтуі керек еді. Командир қол астындағы екі қызметкерге сабақта жұмсалған отын мөлшерін құжаттарда асыра бағалауды ұсынады. Оқу-жауынгерлік машиналар ротасының командирі, капитан Камал Тәшібек және осы бөлімнің ЖЖМ қызметінің аға маманы Мейірімжан Дүйсенбаев заңсыз әрекеттен хабардар болады, бірақ соған қарамастан, айыптау актісінде айтылғандай, оған қатысуға келісім берген. Сондай-ақ, дизель отынын заңсыз есептен шығару схемасына бөлімнің тылдық қамтамасыз ету қызметінің бастығы, 25744 әскери бөлімінің подполковнигі Зайнидин Абитов те қатысады.

Сөйтіп тек қағаз жүзінде сабақ сағаттарының саны көбейіп, сұйық отын суға сіңгендей жоқ болып кетеді. Тергеу барысында анықталғандай, «Қазмұнайгаз-аэро» компаниясының қоймашысы Амангелді Жұматаев, жанармай мөлшерінің артық екенін біле тұра, әскери қызметкерлерге ақша жасауға көмектескен. Есеп бойынша мемлекеттің 14 596 097 теңге қаражаты қолды болған. Бұл ақша түгелдей Отан қорғаушылардың қалтасына кетті, - дейді айыптаушы тарап.

Әскери прокурорлардың айтуынша, дәл осы топ қысқы дизель отынын ұрлау үшін де дәл осындай жүйе бойынша жұмыс істеген. Бұл жолы әскерилер «табысы» 11 831 551 теңге болды.

Жанар-жағармайға қатысты «жымқыру операциясы» сәтті өткеннен кейін, Арапбаев 2020 жылдың наурыз айында сарбаздарды дезинфекциялау арқылы қосымша ақша табуға шешім қабылдайды. Ол жолдағы блок бекеттерден оралған жеке құрамды дезинфекциялау және олардың заттарын залалсыздандыру машинасымен өңдеу туралы бұйрық шығарған. Бұл іс үшін Арапбаев сыбайластарымен бірге 11 760 литр дизель отынын заңсыз есептен шығарып тастайды. Бұл арқылы мемлекетке 2 539 143 теңге шығын келтіреді.

Айыптау актісінің материалдарына сүйенсек, сол жылдың мамыр айында Арапбаев сарбаздарды сапалы қайнатылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін әскери-далалық асүйлердің бір бөлігін аумаққа орнату туралы бұйрық шығарады. Тергеу көрсеткендей, суды қайнату үшін 15 795 литр дизель жұмсалған. Шын мәнінде, жанармай ұрланып, сатылған. Одан тағы 5 8181 614 теңгені Арапбаев қылмыстық одақтастарымен бөліскен.

Тағы бір қылмыс шенді әскерилердің қатысуымен әшкере болды. 2020 жылдың сәуір айында «Қазмұнайгаз-аэро» сұйық отын талондары бойынша «Батыс» өңірлік қолбасшылығы үшін 206 150 000 теңгеге 950 мың литр жанармай жеткізуі тиіс еді.

Қарулы Күштер тыл бас басқармасының жанар-жағармай материалдары басқармасының аға офицері, подполковник Аслан Нүсіпов «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тылдық қамтамасыз ету басқармасының аға офицері, майор Константин Коробейниковке және Ақтау қаласынан келген 25744 әскери бөлімінің ЖЖМ қызметінің бастығы Мәлік Бисембеевке және сол бөлімнің қойма бастығы Лесбек Бердібаевқа сұйық отын ұрлауды бұйырады. Айыптаушылар дәлелдегендей, бұл жағдай мынадай жүйе бойынша жасалады. Коробейников Нүсіповке «Батыс» аймақтық қолбасшылығы үшін дизель отынын лимиттен тыс қосымша бөлу туралы өтініш жазған. Осылайша алынған жанар жағар майдың көп бөлігі Ақтаудағы 25744 әскери бөліміне кетеді. Бисембеев пен Бердібаев осы отынға берілген талондардың 10 пайызы Нүсіповке берілетіні туралы нұсқау алады. Тергеу анықтағандай, осылайша Коробейников пен Нүсіпов 2 712 500 теңге пайда тапқан.

2020 жылдың тамызында Арапбаев Ақтаудағы 25744 әскери бөлімінің қолбасшылығынан босатылып, Ресей Бас штабының академиясына қабылданды. Бірақ бұрын оның қарамағында болғандар заңсыз жанармай бизнесін жалғастырған. Сол айда бөлімнің тылдық қамтамасыз ету қызметінің бастығы, подполковник Зайнидин Абитов, сондай-ақ Бердібаев, Бисембеев, Дүйсенбаев және Тәшімбек «Бекет 2020» оқу-жаттығуынан ақша табуға шешім қабылдайды. Олар бұл іске 25744 бөлімінен танк батальоны командирінің орынбасары Дастан Сәрсенбаевты, танк батальонының бірінші танк ротасының командирі Мирас Борамбаевты, 33-танк ротасының командирі Фархат Қабиевті, Азамат Кондыбаевты, танк батальонының екінші танк ротасының командирі Дастан Құсайынды, осы бөлімнің материалдық қамтамасыз ету ротасының командирі Мейірімжанды, жанар-жағармай материалдары қызметінің аға маманы Дүйсенбаева, «Қазмұнайгаз-аэро» қоймашысы Амангелді Жұматаевты тартқан. Әскери айыптау бойынша жаттығуға арналған 70 мың тонна отынды есептен шығаруға шешім қабылданады. Ол үшін уағдаласқан топ оқу-жаттығуларда техникамен еңсерілген қашықтық туралы мәліметтерді жол парақтарында көрсету қажет болды. Тиісінше, құжат бойынша бұған Маңғыстау облысының аумағында литріне 160 теңгеден сатылған отын бөлінген. Бұл операция барысында мемлекетке келтірілген залал және заңсыз әрекетке қатысқан әскери қызметкерлердің пайдасы 17 353 800 теңге.

2020 жылдың қаңтар айында Бисембеев пен Бердібаев жауынгерлік машиналарға арналған мотор майын сатқаны үшін 2 млн теңгеден астам заңсыз табыс тапқан. Ал 2020 жылдың қазан айында Коробейников, Бисембеев және Бердібаев бірге 2 мың литр бензинді алып, оны медициналық ротаға есептен шығарып, 386 мың теңге жымқырған. Тергеушілердің есептеуі бойынша, отын ұрлаудан мемлекетке келтірілген жалпы сома 55 млн теңгеден асады.

Сондай-ақ, Коробейников алаяқтық жасады деп те айыпталып отыр. 2020 жылдың қаңтар айының басында 3028 әскери бөліміне 2019 жылға материалдық есеп беру туралы телефонограмма жібереді. Осы бөлімнің ЖЖМ қызметінің бастығы майор Тамаев есепті Коробейниковке әкелген кезде, есепті сәтті тапсыру үшін басшыларға 200 мың теңге төлеу керек екенін меңзей бастаған. Ол ақшаны Коробейников өзіне қалдырады.

Осы деректерге байланысты Ақтөбе гарнизонының әскери сотында атышулы іс басталды.

Бұл туралы деректерді тек қана әскери сот береді. Біздің облыста әскери сот жоқ. Сондықтан да әскери қызметкерлерге қатысты сот процесі Ақтөбе қаласында өтіп жатыр,- дейді Ақтау гарнизонының баспасөз хатшысы Нұрбол Шалабаев.

Өзгелердің жаңалығы