12 мың алматылық "Қарызсыз қоғам" жобасымен оқи алады

24 Мамыр 2024, 16:14
475
Бөлісу:
12 мың алматылық "Қарызсыз қоғам" жобасымен оқи алады
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

"Қарызсыз қоғам"жобасы басталғаннан бері мегаполистің 3500 тұрғыны өз қаржысын басқаруды үйренді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде "AMANAT" партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қуаныш Төлепов мәлімдеді.

Биыл жоба бойынша еліміздің барлық өңірінде 200 мың адамды, оның ішінде Алматы қаласының 12 мың тұрғынын оқыту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта қала әкімдігімен бірлесе қаламыздың 6 мекен-жайы бойынша оқыту өткізіліп жатыр. Алматы қаласына 6 қаржы сарапшысы бекітілген. Олар түске дейін жалпы бағдарлама, түстен кейін қатысушының қалауы бойынша жеке кеңестер береді. Жоба қаланың 8 ауданын қамтиды. Оқыту 5 күн болады. Осы уақыт ішінде қатысушылар отбасылық бюджетті жүргізуді, шығындарын басқаруды, несиелік қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу бойынша ұсыныстар алуды, тиімді шарттармен несие таңдауды, депозиттердің әртүрлі шарттарымен танысуды, ірі сатып алуларды жоспарлауды үйренеді, - деді Қуаныш Төлепов.

Жоба басталғаннан бері қазіргі уақытқа дейін 11 ағын оқытылып, барлығы 3500-ден астам қатысушы қаржылық сауаттылық бойынша оқытудан өтті.

Тегін курстар мен оқудан өтуге ниет білдірушілер тұрғылықты жері бойынша Amanat партиясының аудандық филиалына немесе аудан әкімдіктеріне жүгіне алады. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz онлайн-платформасы да іске қосылды, ол арқылы сіз оқу курстарына жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.

Өзгелердің жаңалығы