11 сағаттық келіссөзде ОПЕК+ елдері келісімге келе алмады – Энергетика министрлігі

10 Сәуір 2020, 08:53
1990
Бөлісу:
11 сағаттық келіссөзде ОПЕК+ елдері келісімге келе алмады – Энергетика министрлігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның энергетика министрлігі ОПЕК + елдерінің 11 сағаттық келіссөздеріне түсініктеме берді. Нәтиже болмағанына қарамастан, Қазақстан өндірісті жалпы қысқартуға қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Министрліктің баспасөз қызметі ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер министрлерінің келіссөздері бейнеконференция форматында өткендігін хабарлады.
Он бір сағаттық келіссөздер нәтижесінде тараптар келісімге келе алмады. Қазақстан болашақта мұнай индустриясына оң әсерін беретін мұнай өндіруді ұжымдық қысқарту туралы мәселе өз шешімін табады деген үмітте, – делінген ведомство хабарламасында.

Келіссөздер барысында Қазақстан атынан энергетика министрі Нұрлан Ноғаев сөз сөйледі.

ОПЕК+ форматындағы мұнай өндіруші елдер арасындағы диалогты жаңарту – маңызды оқиға және бүгінгі отырыс әлемдік мұнай индустриясы тарихында өзіндік орынға ие болады деп есептеймін. Жаһандық экономикалық өсудің баяулауы есебінен мұнайға сұраныстың төмендеуі – бағаның одан әрі төмендеуіне, сондай-ақ әлемдік мұнай өндірісінің төмендеуіне әсер етеді. Негізгі мұнай өндіруші елдердің арасында үйлестірілген іс-әрекеттердің болмауы онсыз да қиын кезеңде келеңсіздік тудырады, - деп атап өтті министр.

Ноғаев Қазақстан ОПЕК+ келісіміне қатысушысы ретінде өзіне жүктелген міндеттемелерді үнемі орындап отырғанын айтты.

Біз алдағы келіссөздерде оң нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Әлемдік мұнай нарығындағы байқалып отырған теңгерімсіздік қазіргі жағдайда ОПЕК+ елдерінің күш-жігерін аздық етеді және нарықтың барлық қатысушыларының белсенді қатысуын талап ететінін көрсетеді. Біз бүгінгі күн тәртібінің өзектілігін түсінеміз және мұнай өндіруді жалпы қысқартуға қатысуға дайынбыз, – деді Нұрлан Ноғаев.

Өзгелердің жаңалығы