1,1 млрд теңгенің дауы: Степногорск әкімінің орынбасары жауапқа тартылды

Прокуратура миллиардтаған теңгеге жоспарланған сатып алулардан заңбұзушылықтар тапты. Тексеру нәтижесінде бірқатар лауазымды тұлға жазаланды.

Бүгiн 2026, 13:57
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 13:57
Бүгiн 2026, 13:57
112
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Степногорск әкімінің орынбасары мен мемлекеттік активтер бөлімінің басшысы мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтарға байланысты тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, Степногорск қаласының әкімдігі қаланы қысқы және жазғы күтіп-ұстау жұмыстарына қатысты жоспарлау кезінде бюджет заңнамасының талаптарын бұзған.

Қадағалау органының хабарлауынша, заңбұзушылықтар сметалық құнның негізсіз жоғарылатылуына, артық әрі экономикалық тұрғыдан негізделмеген жұмыс көлемдерінің енгізілуіне, сондай-ақ заңнамаға сәйкес келмейтін және бәсекелестік ортаны шектейтін талаптардың қойылуына байланысты болған.

Прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгені құрайтын 9 мемлекеттік сатып алу рәсімінің күші жойылды.

Сонымен қатар сметалық құн қайта қаралып, бюджеттен негізсіз жұмсалуы мүмкін 386 миллион теңге көлеміндегі шығындар қысқартылған. Бұл мемлекеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берген.

Заңдылық талаптарын бұзуға жол бергені үшін қала әкімінің орынбасары мен мемлекеттік активтер бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деп мәлімдеді прокуратура.

Ведомство өңірде бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылау тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

Наверх