11 айдың қорытындысы. Экономика дамуында оң серпін бар

10 Желтоқсан 2020, 10:18
1615
Бөлісу:
11 айдың қорытындысы. Экономика дамуында оң серпін бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында қаңтар-қараша айларындағы ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылу мәселесіне тоқталды.

Қабылданып жатқан шаралардың арқасында экономиканың базалық салаларында 11 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының жақсарғаны және өсудің оң серпіні байқалып отыр. Өңдеуші өнеркәсіпте 3,3% өсу, оның ішінде тамақ өнімдерінің өндірісінде 3,6%, фармацевтикада 39,5%, дайын металл бұйымдарының өндірісінде 19,6%, машина жасауда 16,4%, оның ішінде автомобиль жасауда 52,6% және де қағаз өнімдерінде 14,6%, жеңіл өнеркәсіпте 15,5% өсу қамтамасыз етілген. Құрылыс көлемі 12,1% ұлғайды, соның ішінде, пайдалануға берілген тұрғын үй 9,3% өсті немесе шамамен 12,1 млн шаршы метрді құрады. Ауыл шаруашылығында 5,3% орнықты өсу қамтамасыз етілді, - деді ол.

Үкімет басшысы тау-кен секторының маңызды бағыттары бойынша оң серпін сақталып отырғанын айтты. Темір кенін өндіру 0,6%, басқа пайдалы қазбаларды өндіру 2,1%-ға өскен.

Бұл ретте ОПЕК+пен қол жеткізілген келісімдерді орындау қажет болып отырған жағдайда мұнай өндірудің төмендегені байқалады. Қызметтер секторы орнығып, біртіндеп қалпына келе бастағаны байқалады. Қазан айымен салыстырғанда қараша айында сауда-саттық - 17,1%-ға, тұру және тамақтану - 10,5%-ға, байланыс - 4,5%-ға және тағы да басқа салаларында өсім тіркеліп отыр. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздері жетекшілік ететін экономика салаларында жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу жұмысын жалғастыруы қажет, - деді Мамин.

Өзгелердің жаңалығы