ҮЕҰ академиясының алғашқы түлектеріне сертификаттар табысталды

29 Қазан 2021, 11:46
895
Бөлісу:
ҮЕҰ академиясының алғашқы түлектеріне сертификаттар табысталды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Үкіметтік емес ұйымдар академиясының жұмысы қорытындыланды. Осы маусымда қазақстандық ҮЕҰ-ның 1 000-нан астам өкілі оқудан өтті.

Қорытынды конференция Нұр-Сұлтан мен Алматыда өтті, ал қалған өңірлердің тұрғындары іс-шараға онлайн қатыса алды. Конференция аясында Академия түлектерінің марапаттау рәсімі өтті.

Бұл жоба – үкіметтік емес секторды институционалдық дамытуды қолдау жөніндегі маңызды бастама. Жыл сайын ҮЕҰ өзінің қоғам өміріндегі маңыздылығын арттырып келеді. Сарапшылардың мәліметінше, бүгінгі таңда 20 мыңнан астам адам осы салада жұмыс істеп, халыққа өз қызметтерін көрсетіп жүр. Сондықтан ҮЕҰ өкілдерінің өз кәсіби біліктілігін арттырып, халыққа сапалы қызмет көрсетіп, өз қызмет аясын дамытуы өте маңызды, - деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов.

Айта кетейік, биыл ҮЕҰ академиясы бірнеше бағытта іс-шара ұйымдастырды. Атап айтқанда, Жалпы білім беру компонентін, Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебін және тренерлерге арналған тренинг. Тренингке үкіметтік емес сектордың өкілдері қатысты.

ҮЕҰ академиясының алғашқы түлектеріне сертификаттар табысталды

Жобаның негізгі міндеттері – азаматтық сектордағы білім беру қызметтерінің қажеттілігіне зерттеу жүргізу, ҮЕҰ өкілдеріне қашықтықтан және мобильді оқытуды ұйымдастыру, жаттықтырушыларды оқыту. Қойылған міндеттің барлығы дерлік орындалды, - деді жоба жетекшісі Ирина Виговская.

Оның айтуынша, жоба ұзақ мерзімді перспективада азаматтық сектордың әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлік пен азаматтардың өзін-өзі ұйымдастыру тетігін күшейтуге, халықтың мемлекеттің экономикалық саясатына деген сенімін қалпына келтіруге, сондай-ақ, ҮЕҰ-ның қаржылық, кадрлық, материалдық және материалдық емес ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

ҮЕҰ академиясының алғашқы түлектеріне сертификаттар табысталды

Сондай-ақ Ирина Виговская Қазақстанда бейімделген оқыту курсы бар мобильді қосымша іске қосылатынын атап өтті. Қазіргі уақытта ол тестілеу режимінде жұмыс істейді.

Білім беру бағдарламаларын іске қоспас бұрын қоғамшылдарға қандай салаларда білім мен тәжірибе жетіспейтінін анықтауға көмектесетін ғылыми зерттеу жүргізілгенін атап өткен жөн.

Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, сарапшылар оқыту тақырыптарының тізімін жасады. Жалпы білім беру компонентінде әрқайсысы 5 тренингтен тұратын 8 білім беру модулі қарастырылған. Оқыту тақырыптарының қатарына маркетинг және PR, фандрайзинг, жобаларды басқару, ақпараттық технологиялар, әлеуметтік жобалау және басқалар кіреді. 811 адам сертификаттарға ие болды.

ҮЕҰ академиясының алғашқы түлектеріне сертификаттар табысталды

Қазақ және орыс тілдерінде үш лекте ұйымдастырылған «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінде оқыту жеке бағытта өтті. Мұнда ҮЕҰ-ның 167 өкілі әлеуметтік маркетинг, қаржылық сауаттылық, тиімді басқару және т.б. бойынша жаңа білім алды.

ҮЕҰ академиясының алғашқы түлектеріне сертификаттар табысталды

Үшінші бағыт «Тренерлерге арналған тренинг» бағдарламасы - ол білікті тренерлерді дайындауға және олардың жеке оқыту курстарын әзірлеуге бағытталған. Бұл бағдарлама бойынша 42 қатысушы оқытылды. Қарқынды оқытудан кейін жаңадан келген тренерлер тәлімгерлермен бірге жұмыс істей бастады және өздерінің авторлық тренингтерін өткізіп жатыр.

Оқу барысында біз маңызды дағдыларды үйреніп, жақсы білім алдық және оқу қорытындысы бойынша жақсы дайындықпен шықтық. Алған білімімді біздің үкіметтік емес секторымызбен бөлісемін деп сенімді түрде айта аламын, өйткені мен олардың күнделікті қандай мәселелер мен проблемалармен бетпе-бет келіп жатқанын көріп жүрмін, - деп өз әсерімен бөлісті жоба қатысушысы Марина Шиллер.

Естеріңізге сала кетейік, «Азаматтық бастамалар орталығы» ҚБ жүзеге асыратын «ҮЕҰ Академиясы» жобасы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен үкіметтік емес секторды дамыту үшін жағдай жасау мақсатында 2021 жылдың наурыз айында басталды.

Жобаның ресми серіктестері - ALMAU саясат және құқық мектебі, Астана Халықаралық университеті, «Қазақстандық Медиация орталығы» ЖМ, «SmartCharity» ҚҚ, «Белес» талдау және стратегия орталығы ҚБ.

Өзгелердің жаңалығы