Түркістан облысы, BAQ. KZ тілшісі. Түркістан қалалық орталық ауруханасында орналасқан №106 жабық сайлау учаскесіне тіркелген 100 науқас бүгін сағат таңғы 11.00-ге дейін дауыстарын беріп шықты. Аталған учаскенің төрайымы Кульжамила Қалдыбаева қазіргі уақытта дауыс нәтижесін санауды күтіп отырғанын жеткізді.
Түркістан қаласындағы №106 жабық сайлау учаскесіне тізім бойынша 100 адам тіркелген. Сонымен қатар, төрайымның айтуынша бұл учаскеге «Ақмарал-1», «Ақмарал-2», «Ақмарал-3» ауруханалары да бекітілген.
«Бізде сайлау жабық түрде өтеді. Өйткені, мұнда ауруханада жатқан науқастар дауыс береді. Тізім бойынша 100 сайлау бюллетенін алдық. 100 науқастың тізімі болды. Сол кісілер таңертең сағат 7-ден бастап барлығы түгел келіп, дауыс берді. Одан кейін қаланың әр жерінде орналасқан «Ақмарал» ауруханасының үшеуіне де тасымалдаушы жәшікпен бардық. Бізбен бірге ішкі істер органынан полицей, учаскенің 2 мүшесі мен орынбасарымыз барды. Ал сайлау барысын бақылауға 2 адам келді. Ол кісілер таңертең 7-ден бастап келген, сайлаудың қорытындысын күтіп отыр. Бізде сайлау ерте біткенімен кешкі сағат 20.00-ге дейін күтеміз. Сағат тура сегізде жәшікті ашып, дауыстарды санаймыз. Одан кейін дауыс нәтижесін аумақтық сайлау учаскесіне тапсырамыз», - деді Кульжамила Құралбайқызы.
Айта кетейік, №106 сайлау учаскесінде 5 комиссия мүшесі, 2 бақылаушы бар. Біреуі «Ауыл» партиясынан, екіншісі «Аманат» азаматтық платформасынан келген.
«Сайлау жақсы өтті. Науқастардың барлығы ренішсіз келіп, кетті. Әркім өзі қалаған үміткеріне дауыс береміз деп ширмаға кіріп шықты. Бір сөзбен айтқанда, науқастар аурухана төсегінде жатса да осындай маңызды кезеңде тыс қалмай, өте көтеріңкі көңіл күйде болды», - деді сайлау учаскесінің төрайымы.
Еске сала кетейік, Түркістан қаласы бойынша 49 сайлау учаскесі, 107 186 дауыс беруші бар.