Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен және ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның селекторлық отырысында «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» ұлт жоспарын орындау бойынша 2020 жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, қаржы министрі Е. Жамаубаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі А. Цой, ақпарат және қоғамдық даму министрі А. Балаева және басқа да жауапты тұлғалар баяндады.
Бүгінгі таңда Ұлт жоспарының 100 қадамының 71 қадамы, оның ішінде биыл 9 қадамы іске асырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформа аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың реформаларына елеулі серпін беру қажеттігін атап өтті. Биыл айтарлықтай жұмыс жүргізіліп, жақсы нәтижелерге қол жеткізілді, — деді А. Мамин.
Премьер-Министр Ұлт жоспарын толық әрі сапалы жүзеге асыру бойынша белсенді жұмысты одан әрі жүзеге асыруды тапсырды. Инвестициялар тарту көлемін, бірінші кезекте, жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін экономиканың басым секторларындағы жаңа ірі жобаларға арттыру бойынша тармақтарға ерекше назар аударылды.
Отырыста Ұлттық комиссияның келесі жылы «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» мен «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағыттары бойынша Ұлт жоспарының 10 қадамын іске асыруды көздейтін 2021 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.