Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде 92 720 студентке жатақханадан орын жетіспейді. Бұл туралы "Nur Otan" партиясы жанындағы "Jas Otan" жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев айтты.
Оның айтуынша, ЖОО мен колледждерде оқитын әрбір 4-інші студент жатақханаға мұқтаждығын айтқанымен, олардың 33%-ына орын берілмеген.
"Jas Otan"-ның 2 мыңнан аса белсендісі мен студенттер бірлесе отырып, еліміз бойынша 270 жатақханаға тексеру жүргізді. Ұйымдастырушылар тексеру нәтижелерінің көңіл көншітпейтінін айтып отыр.
Мониторинг барысында Қазақстандағы 66 жатақханада қарапайым санитарлық талаптар сақталмайтынына көз жеткіздік. Мәселен, жатақханалардың бірінде ас дайындайтын және кір-қоң жуатын бөлме бір. Яғни, студенттер ас әзірлейтін жерде кірді де жуады. Тағы бір аса маңызды мәселе – өрт қауіпсіздік шараларының сақталмауына қатысты. Қосалқы шығу есіктері ашылмайды, тіпті, терезелердің тұтқасы болмағандықтан, бөлмені желдетудің өзі мүмкін емес, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Осылайша, жасотандықтар Қазақстандағы ең нашар студенттер үйінің тізімін жасады. Олардың қатарына төмендегі оқу орындарының жатақханалары кірді:
1. "Қайнар" университеті;
2. "Алматы" университеті;
3. Satbayev university;
4. Шымкент қаласындағы № 4 колледж;
5. Жол-көлік колледжі, Шымкент қаласы;
6. .Нұр-Сұлтан қаласындағы Жоғары политехникалық колледжі;
7. Шығыс Қазақстан облысындағы Ауылшаруашылық колледжі;
8. Қостанай қаласындағы Инженерлік-экономикалық университеті;
9. Тараз политехникалық колледжі;
10. Қаратау қаласындағы №2 колледж;
11. Петропавл қаласындағы Гуманитарлық-техникалық колледжі;
12. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі;
13. Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі;
14. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университеті;
15. Қызылорда облысындағы "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институты.
Айта кетейік, бұған дейін осы мәселе ағымдағы жылдың ақпан айында "Nur Otan" партиялық бақылау комитетінің отырысында талқыланған еді. Сол жиында Комитет мүшелері Білім министрлігінің студенттер, магистранттар және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз игерілгенін атап өткен болатын.
Еске сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында 2022 жылдың соңына дейін бүкіл Қазақстан бойынша 75 мың орындық жатақхана салу жоспарланып отыр.