«100% қамтылды» деп сүйіншілеткім келеді. Түркістан әкімі газбен қамтылу туралы

1 Қаңтар 2021, 18:58
1538
Бөлісу:
«100% қамтылды» деп сүйіншілеткім келеді. Түркістан әкімі газбен қамтылу туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласы бойынша 1 185 шақырым, яғни 52 037 абонентке дейін газ құбыры тартылған. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұл қаланың газ құбырларымен толықтай қамтылғанының көрсеткіші. Инфрақұрылымдық қызмет алуға, үй-жәй ретінде тіркелген абоненттердің жалпы саны 42 000. Оның ішінде 25 100 абонент газға қосылу өтінімін берген, - делінген хабарламада.

Абонент саны өсуіне байланысты «КазТрансГаз Аймақ» мекемесімен қосымша келісім жасалып, газ беру қысымы 4кг/см2 көрсеткішінен 5кг/см2 дейін көтерілді. Газға қосылу өтінімдерін жылдам және толықтай қамтамасыз ету мақсатында қосымша арнайы орындар ашылып, қызметкерлер саны арттырылды.

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов көрсеткіш бойынша газ құбырларының 97%-на газ берілгенін жазды. Яғни, дәл қазір қаланың 97% тұрғыны үйіне газ кіргізуге мүмкіндігі бар.

Ендігі, тексеріс жұмыстары атқарылуына байланысты газ әлі де беріле қоймаған құбырларға да аз уақыт ішінде газ қосылмақ. Менің де «100% құбыр тартылды» деп қана қоймай «100% қамтылды» деп сүйіншілеткім келеді. Бірақ, асығыстық етіп, қателік жібергеннен сақтасын. Жылдар бойы болмаған мүмкіндікке қол жеткізуге аз қалды, достар. Мүмкіндікке ие болған бойда жерлестерім де белсенді түрде газға қосылуға ниет білдірер деп үміттенемін, - деді қала әкімі.

Сөз соңында шаһар әкімі Жаңа жылмен құттықтап, жақсы жаңалықтарымен бастау алып, әр отбасыға бақ-береке әкелсін деп тіледі.

Өзгелердің жаңалығы