Жүздеген халық жан айқайын білдіріп митингіге шықты. Депутат заңсыздықтарды әшкереледі

19 Мамыр 2021, 16:02
3377
Бөлісу:
Жүздеген халық жан айқайын білдіріп митингіге шықты. Депутат заңсыздықтарды әшкереледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев карьерлерді заңсыз пайдаланатындарға қатысты мәселе көтеріп, Бас прокурор мен премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.

Өндірістік карьерлерді заңсыз пайдаланатындардың кесірінен қоршаған ортаға және халық денсаулығына орны толмас зиян тиіп жатыр. Бұл жердің тозуына, құнарлы топырақ қабатының біржола жоғалуына әкеп соғады. Осы ретте жер қойнауына және жер қойнауын пайдалануға байланысты қатынастарды құқықтық реттеудің барлық қағидаты өрескел бұзылуда. Сондай-ақ экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды пайдалануды мемлекеттік реттеу, жерді қорғау және ұтымды пайдалану бөлігіндегі экологиялық және жер кодекстерінің талаптары сақталмай жатыр, - дейді Фахриддин Қаратаев.

Оның айтуынша, Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы үш жылда республикада карьерлерді заңсыз игеруге байланысты 303 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде Акмола облысында 32, Алматы облысында 39, Түркістан облысында 32, Шымкент қаласында 11, Павлодар облысында 23, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 27, басқа облыстарда осындай жағдайлар болған.

Мысалы Нұр-Сұлтан қаласының маңында 54 заңсыз карьерлер анықталған, Жамбыл облысында жер қойнауын өз бетінше қазғандардың 32-сі тіркелген. Бүгінгі таңда аталған мәселелер ашық күйінде қалып отыр. Бұл жағдай біздің азаматтарымыздың негізделген наразылығын туындатады және бірқатар жағдайда әлеуметтік шиеленістің себебі болып жатады. Халқымыз «Ашынғаннан шығады ащы даусым» деп бекер айтпаған. Жуырда Атырау облысы, Тасқала ауылында карьердің жабылуын талап етіп жүздеген халық жан айқайын білдіріп, митингіге шықты, - дейді депутат.

Сонымен қатар ол Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылдық округінде жер қойнауын қазатындар тұрғын үйлерден екі-ақ метр қашықтықта орналасқан карьерден тас, құм өндіріп, жұмыстарын алаңсыз атқарып жатқанын айтты.

Бұл заң талаптарына сай келмейді. Қарасай ауданында да дәл осындай жағдайлар туындап отыр. Түркістан облысыдағы Арыс, Бадам және Ақсу өзендерінің жан-жағы қазылуда. Оның ішінде Боралдай өзенінің бойында 16 жылдан бері тас, құм өндіретін карьер жұмыс істеп тұр. Карьерде қазба жұмыстарын жүргізу салдарынан аталған өзеннің суы тартылып, «Қызыл кітапқа» енген балықтар он есеге азайып кеткен. Сол секілді Алматы қаласындағы нөмірі №1 карьер көпқабатты тұрғын үйдің жанында орналасқан. Карьерді пайдаланушы ол жерде ешқандай рұқсатсыз, заңсыз жұмыстарын жүргізген, - дейді мәжілісмен.

Ол осылайша, көптеген өңірде кең таралған пайдалы қазбаларды – (КПҚ) қиыршық тасты, құмды, сазды, қара топырақты және олардың басқа да түрлерін заңсыз өндірудің көптеген фактілері байқалатынын айтты.

Ал қоршаған ортаға келтірілген залалдың жалпы сомасы миллиардтаған теңгені құрайды. Бұдан бөлек, ластанған ауаның салдарынан халық денсаулығының нашарлауы, сондай-ақ заңсыз әрекеттердің салдарынан инфрақұрылымның бұзылуы алаңдатарлық үрдіс болып отыр. Осыған орай, жоғарыда айтылғандардың негізінде қоршаған ортаны қорғау және халықтың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, жақын елді мекендерде және су бассейндерде орналасқан игерілетін карьерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұсыныстарымыз бар, - деді Қаратаев.

Депутаттың ұсынысы:

- Карьерлер жұмысының жай-күйіне, қауіпсіздігіне және заңдылығына түгендеу жүргізуді;

- Карьерлердің жұмысын «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы»Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы № 125-VI ҚРЗ Кодексінің талаптарына сәйкес келтіруді;

- Карьерлерге және жалпы пайдалы қазбаларды өндіруге жер бөлу процесінің ашықтығын арттыруды;

- Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің заңнама талаптарына сәйкес тексеру жүргізуді ұсынамыз.

Өзгелердің жаңалығы