2026 жылдан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды тексеру жаңа тәртіппен жүргізіледі. Жасырын кәсіпкерлікке күдік туған жағдайда салық органдары азаматқа хабарлама жіберіп, есепшотты бұғаттауы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл ереже жеке тұлғаның кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, іс жүзінде көрсеткен қызметі немесе сатылған тауарлары үшін ақша алған жағдайларға қатысты. Егер салық органдары аударымдарды күмәнді деп тапса, азаматқа ресми хабарлама жіберіледі. Ал оған белгіленген мерзімде жауап берілмесе, банк шоты бұғатталуы мүмкін.
Салық органдары қандай жағдайда сұрақ қояды?
Тексеру тек екі шарт бір мезгілде орындалған жағдайда және бір ғана аударым бойынша емес, қатарынан үш айдың қорытындысы бойынша жүргізіледі:
- Аударымдар 100 және одан да көп түрлі адамнан түскен болса;
- Аударымдардың жалпы сомасы 12 АЕК-тен асса, бұл қазіргі таңда шамамен 1 миллион теңге.
Аталған критерий 2026 жылдан бастап қолданыла бастайды.
Тексеру қалай басталады?
Белгіленген шектен асқан клиенттер туралы ақпаратты банктер салық органдарына жолдайды. Содан кейін азаматқа хабарлама жіберіледі:
- eGov порталы арқылы;
- 1414 қысқа нөмірі арқылы.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, мәліметтер есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-іне дейін түседі. Содан соң нақты жеке тұлға бойынша тексеру басталады.
Азаматқа аударымдарды түсіндіруге уақыт беріледі
Хабарлама алғаннан кейін азамат 30 күн ішінде салық органына келіп, аударымдардың қайдан түскенін түсіндіре алады.
Кірістер комитеті өкілдерінің айтуынша, аударымдардың көп болуы автоматты түрде кәсіпкерлік қызметтің белгісі емес.
Аударымдар жеке жағдайларға байланысты болуы мүмкін: Туған күнге сыйлық, қаражат жинау, бата, туыстар мен достардың көмегі. Егер бұл расталса, ешқандай салдар болмайды, – деді ведомство өкілдері.
Хабарлама еленбесе не болады?
Егер азамат белгіленген мерзімде хабарламаға жауап бермей, салық органына келмесе, автоматты механизм іске қосылады.
Белгіленген мерзім ішінде азамат салық органына келмесе есепшот бұғатталады. Алайда азамат келіп, түсініктеме берген жағдайда, егер кәсіпкерлік қызмет белгілері расталмаса, есепшот сол күні-ақ қайта ашылады, – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Нені есте сақтау маңызды?
- Туыстар, достар және әріптестер арасындағы аударымдар кәсіпкерлік болып саналмайды.
- Бір реттік түсімдер критерийге жатпайды.
- Үш ай қатарынан түскен соманың көлемі мен тұрақтылығы негізгі мәнге ие.
- 2026 жылға дейін жаңа ережелер қолданылмайды.
Салық органдарының мәлімдеуінше, жаңа тәсіл жеке аударымдарды бақылауға емес, кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз және салық төлемей жүргізу жағдайларын анықтауға бағытталған.