10 жыл бұрынғы тарихи жеңіс

7 Наурыз 2021, 17:31
3422
Бөлісу:
10 жыл бұрынғы тарихи жеңіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан 10 жыл бұрын теннистен Қазақстан ерлер құрамасы алғаш рет Дэвис кубогының ширек финалына дейін жетіп, әлемнің үздік сегіз құрамасы қатарына қосылған болатын.

2008 жылы Халықаралық теннис федерациясының президенті Франческо Риччи-Битти Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының әлемдік тобына қосылғысы келеді дегенді естігенде, қатты таңғалған еді. Ол Қазақстанға элиталық топқа қосылу үшін 10 емес, кемі 15 жыл керек дегендей айтып қалған. Бірақ отандастарымыз араға 3 жыл салып-ақ ширек финалға жетті. Одан кейін тағы үш рет сол жетістіктерін қайталады. Дегенмен алғашқысы бәрібір ыстық.

Алдымен Қазақстан құрамасы әлемдік топқа шығу үшін 2010 жылы Астанада Швейцария құрамасымен кездесті. «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, атақты Роджер Федерер келмесе де, оның ізбасары Станислав Вавринка болды. Сол кезде Михаил Кукушкиннің Вавринканы қалай жеңгені жанкүйерлердің есінде. Жалпы Қазақстан 5:0 есебімен жеңіп, әлемдік топқа жолдама алды. 

10 жыл бұрынғы тарихи жеңіс

Осыдан соң 2010 жылдың 22 қыркүйегінде Бельгия астанасы Брюссель қаласында жеребе тарту рәсімі өтті. Қазақстан Чехиямен жолығатын болды. Бұл команда бір жыл бұрын ғана Дэвис кубогының жартылай финалына дейін жеткен. Томаш Бердых жарқырап жүрген кезі. Сол тұста Уимблдонның финалына жеткені бар. Әлемдік рейтингте жетінші орында тұрған.

Чехия – Қазақстан кездесуі 2011 жылдың 4-6 наурыз аралығында Чехияның шығысындағы Острава қаласында өтетін болды. 

Алдымен кортқа Андрей Голубек пен Ян Гайек шықты. Бұл кездесу бес сетке дейін созылды. Отандасымыз соңына дейін салқынқандылық танытып, 7:6, 6:7, 1:6, 7:6, 6:3 есебімен бұл матчты өз пайдасына шешті. 

Өкінішке қарай, одан кейін Михаил Кукушкин Томаш Бердыхқа есе жіберіп алды (6:7, 2:6, 2:6). 

Жарыстың екінші күнінде жұптық бәсеке өтті. Бұл сында Қазақстан намысын Юрий Щукин мен Евгений Королев қорғады. Алайда олар да Томаш Бердых пен Лукаш Длугиге шамасы жетпеді (4:6, 4:6, 6:7). Сөйтіп Чехия есепте алға шыққан. Осыдан кейін аса қатты ешкімнің үміті де бола қоймаған.

Егер Бердых жерлесіміз Голубевті жеңсе, мәселе сол жерде шешілер еді. Алайда Андрей мінез танытты. Дэвис кубогының ерекшелігі де сол болса керек, мұнда жұлдыздарды өзі жиі сүрініп жатады. 

Чехия жанкүйерлерінің көзінше, Андрей Голубев сол кезде әлемнің жетінші ракеткасын төрт сеттің қорытындысы бойынша ұтып кетті – 7:5, 5:7, 6:4, 6:2. Осылайша таразы басы қайта теңесті.

Бұл жұптың тағдыры Кукушкин мен Гайек арасындағы кездесуде шешілетін болды. Жанкүйерлердің сенімін ақтап, Михаил Қазақстанға жеңіс сыйлады (6:4, 6:7, 10:9, 6:0). 

Міне биыл осы тарихи жеңіске де 10 жыл толды.

Өзгелердің жаңалығы