10 мыңға жуық этникалық қазақ оралман мәртебесін алды

25 Қыркүйек 2020, 11:48
1589
Бөлісу:
 10 мыңға жуық этникалық қазақ оралман мәртебесін алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 9,9 мың адам тарихи Отанымен табысып, оралман мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 67,2 мың этникалық қазақ оралды.

Министрліктің мәліметінше, осы жылы Қазақстанға келген оралмандардың жартысынан көбі  (59,1%) Қытайдан, 25,6% Өзбекстаннан, 8,8% Түрікменстаннан, 3,5% Моңғолиядан және 3% басқа елдерден. 

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (54,6%) және Маңғыстау (12,7%) облыстарына, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан (4,1%) және Шымкент қалаларына (3,1%) қоныстанды. 

Келушілердің ішінде 60%-дан астамы еңбекке жарамды жаста, ал шамамен 5%-ы ғана зейнеткерлер. Оралман мәртебесін алғандар, Қазақстан азаматтарымен қатар, Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар аясында, Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс таба алады, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің көші-қон мониторингі басқармасының басшысы Дастан Айтқұлов. 

Айта кету керек, 2019 жылдың осы кезеңінде 9,6 мыңға жуық этникалық қазақ оралман мәртебесін алды, оның ішінде 53% Өзбекстаннан, 26% Қытайдан, 21% Моңғолиядан, Түркменстаннан және басқа елдерден келді.

Өзгелердің жаңалығы