Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдай" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
Өңірлердегі комиссия өтемақы төлеу үшін коронавирус инфекциясын жұқтырған медициналық қызметкерлер тізімін берді. Біз оны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бағыттадық. Қазіргі таңда вирус жұқтырған 123 медицина қызметкері тіркелген және осы саланың 59 маманы қайтыс болған. Бұлардың барлығы да қазір Еңбек министрлігінің қарауында жатыр. Біздің міндетіміз – тізім жасақтап, тиісті министрлікке өткізу. Бұл тізімнен бөлек, эпидемиологиялық карта бар. Одан қай дәрігер вирусты қайда жұқтырып алғаны көрсетіледі, - деді ол.
Алексей Цой аталған тізімнің әлі де өсуі мүмкін екенін айтты. Себебі, аймақтарда бұл мәселе әлі қаралып жатыр.
Бұл өңірлерден келіп түскен тізім, қазір өңірлер әр медицина қызметкері бойынша жұмыс істеп жатыр. Тізім көлемі ұлғаюы мүмкін, бірақ қазір біздің қолымызда орталық деңгейде бар тізім осы, - деп толықтырды ол.
Бұған дейін министр Қазақстанға 100 жылжымалы медициналық кешен жеткізу жоспары бар екенін мәлімдеген болатын.