Алматы облысының тұрғындары дабыл қағуда. Олардың сөзінше, Сорбұлақ тасжолында көлік қозғалысы іс жүзінде тоқтап тұр. Ұзаққа созылған жөндеу жұмыстарының кесірінен жүргізушілер бірнеше шақырым жолды жүріп өту үшін сағаттап уақыт жоғалтады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жұмыстан үйге жету үшін шамамен үш сағат кетеді, ал қашықтық бар болғаны 10 шақырым, – дейді Елтай ауылының тұрғыны.
Оның айтуынша, көліктер жаяу жүргіншілер жылдамдығымен қозғалып, техника жиі бұзылады.
Көлік жиі сынады, жақында жүріс бөлігі жарамсыз болып қалды. Соңғы айда тек жөндеуге 100 мың теңге жұмсадым, – дейді тұрғын.
Тұрғындар ұзындығы шамамен 20 шақырым болатын проблемалы учаскеден тәулігіне 7 мыңға жуық көлік өтетінін айтты.
Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатовтың айтуынша, жергілікті билік те күн сайын осы жолмен жүреді және жағдай туралы облыстық құрылымдарға тұрақты түрде хабарлап отырады. Бұл жол учаскесін қайта жаңартуға 7 млрд теңге бөлінген, алайда жұмыстар созылып, трасса әлі де қираған күйінде қалып отыр.
Тұрғындар бізге видео жібереді, біз бәрін облысқа жолдаймыз. “Сұңқар” ЖШС мердігері жұмысты орындай алмай отыр деп айтамыз, – деді әкім.
Облыстық автожол басқармасы өкілдерінің айтуынша, аталған учаскені келесі аптада асфальттау жоспарланған. Бірақ тұрғындар бұл уәделерге сенімсіздікпен қарайды, жаңа мерзімдер оларға ай сайын уәде етілетін көрінеді.
Еске сала кетейік, Алматыда өткен түнгі қардың салдарынан 17 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам жарақат алды. Белгілі болғандай, қалада ауа райының қолайсыздығынан кейін бірқатар ауданда электр жарығы сөнді.