Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен "Оқу процесін ұйымдастыру туралы" онлайн брифинг барысында ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша күз айларында ЖРВИ-дің таралатын уақыты. Сондықтан, осындай мәселелерді саралай келе шешім қабылдадық. 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектеп қашықтан оқыту форматында оқитын болады. Бұл өте күрделі шешім. Мұндай шешімді қабылдамас бұрын ең алдымен, сарапшылармен ақылдасып, ата-аналардың пікірлерін тыңдадық. Халықаралық тәжірибеге де назар салдық. Ең басты мәселе – балалардың, ата-аналардың, педагогтердің денсаулығы. Сол себепті осындай шешім қабылдап отырмыз. 1-11 сынып тұтас қашықтан оқитын болады. 1 қыркүйекке дейін тиісті жағдайды жасап беруіміз керек, - деді ол.
Министр бұл бағытта тағы екі мәселе барын айтты.
Біріншіден, қашықтан оқытуды енгіземіз дегенмен де еліміздегі шалғай жатқан ауылдарда шағын мектептер бар. Мұндай мектептерде 5, 10, 15 баладан оқиды және мектепке жаяу барып келеді. Осындай шалғайдағы қауіп жоқ өңірлерде орналасқан мектептерде штатты режимде оқыту жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отырмыз. Екінші мәселе, бастауыш сыныптардың оқушыларына қатысты. Егер осы бастауыш сыныптарға қатысты ата-аналардың өтініші болса, біз уақытша сыныптарды ашып беруге дайынбыз. Оған әрине, тиісті жағдай жасалуы қажет. Барлық санитарлық талаптарға сай жұмыс жүргізілетін болады. Оның ішінде бала таңертең сабаққа келгенде оның дене қызуын өлшеу, зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу, сыныптарды бірнеше ауысымға бөлу мәселесін қарастыратын боламыз, - деді Аймағамбетов.
Министр колледждер мен университет студенттері де қашықтан оқитынын мәлімдеді.
Тек тәжірибе, лабораториялық жұмыстар және т.б. кейбір мамандықтардағы дәстүрлі режимде оқу бойынша ұсыныс қабылдап, мүмкіндік жасаймыз. Бірақ, колледж болсын, университет студенттері болсын қашықтан оқу форматында оқуын жалғастыратын болады, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Цой бірінші тоқсандағы сабақты
қашықтан оқуды ұсынған болатын. Сондай-ақ, министр бірінші тоқсанда мектеп оқушылары
қашықтан оқитынын айтқан еді.