Бүгін Астана Триатлон-паркінде «Самұрық-Қазына» Қорының 15 жылдығына арналған Samruk Marathon жарысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Марафонға Қорға қарасты компаниялар қызметкерлері қатысты. Қызметкерлердің балалары үшін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жеңіл атлетикадан акция ұйымдастырылды.
Спорт мерекесіне «Самұрық-Қазына» тобына кіретін 22 компаниядан мыңнан астам қызметкер қатысты. Жарыс 5 км (әуесқойлар үшін) және 10 км (кәсіпқойлар үшін) қашықтықта өтті. Балаларға арналған қашықтық 1 км болды. Оны 100-ге жуық бала жүгіріп шықты.
Samruk Marathon Қор қызметкерлерінің өмірлік ұстанымы мен спортқа деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі болды. Айта кетейік, марафонға бір ай қалғанда қатысушылар әр жексенбі сайын Триатлон-паркінде жаттығуға жиналып, жарыс алдындағы дайындықтарын пысықтады.
Біз бір ай бойы жаттығып, марафонға асқан дайындықпен келдік. Бұл іс-шара салауатты өмір салтының құндылығы мен маңызын әспеттейді. Ең маңыздысы, бұл марафон «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының екі жүз мыңдық ұжымын біріктіріп, өзара байланысты арттырады. Бүгін бізбен бірге отбасымыздың мүшелері де келіп, жарыстың ауқымын кеңейтіп отыр, - деп атап өтті Қор басшысы Нұрлан Жақыпов.
Сондай-ақ, спикер марафон шеңберіндегі балаларға арналған іс-шаралар Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылғанын атап өтті.
Бұл ретте «Самұрық-Қазына» Қазақстанда көптен бері бұқаралық спортты және ерекше балаларға арналған бейімделген спортты дамытып келеді. Қордың қолдауының арқасында еліміздің 21 қаласында тегін инклюзивті және бейімделген спорт секцияларының желісі құрылды, ерекше қажеттіліктері бар 1000 - нан астам бала спорттың 12 түрімен айналысуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» Қорының 15 жылдығына орай «Мектепке апарар жол» акциясы бойынша Қор халықтың әлеуметтік осал топтарынан 15 мың бірінші сынып оқушыларына қолдау көрсетеді. Жоба он өңірді қамтиды. Балалар тізімін жергілікті атқарушы органдар жасайды. Ішінде барлық қажетті керек-жарағы бар рюкзактар оқу жылы басталар алдында өңірлерге жеткізіледі.
Сонымен бірге «Самұрық-Қазына» балаларға арналған «Туған елге саяхат» білім беру пойызын ұйымдастырады. Қазақстанның әр өңірінен жиналатын 600 бала еліміздің түкпір-түкпіріне аттанып, танымдық саяхатқа шығады, - дейді Қордың Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Туған еліміздің тарихи жерлеріне саяхат маусымның ортасында Астанадан басталады. Бұл патриоттық жоба байқауының қорытындысы болады, оның жеңімпаздары «Мен өз өңірімде не өзгерткім келеді?» тақырыбында қазақ және орыс тілдерінде эссе жазуы керек. Байқауға еліміздің барлық өңірінен келген 10-15 жастағы балалар қатысады. Жеңімпаздар Бурабай, Алакөл, Түркістан, Байқоңыр, Ақтауға барады.