Қазақстан халқы 1 шілдеге дейін шартты түрде сақтандырылды

1 Сәуір 2020, 22:04
2208
Бөлісу:
Қазақстан халқы 1 шілдеге дейін шартты түрде сақтандырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов Қазақстан халқының 1 шілдеге дейін медициналық көмекті тегін ала алатынын айтты.

Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылдың 1 сəуірінен бастап барлық азаматтар міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелуі тиіс болған. Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МƏМС-ке толық көшу үшін қажетті дайындық жұмыстарын жүргізді. Алайда, коронавирус індетіне байланысты қазіргі төтенше жағдайды ескере отырып, кеше мемлекет басшысы тапсырма берді. Сақтандырылмаған азаматтардың міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу құқығы 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды. Яғни жеңілдік кезеңі ұзартылды, - дейді Айбатыр Жұмағұлов.

Оның айтуынша, осы мерзімге дейін елдің барлық азаматтары, МƏМС қатысушы статусына қарамай, шартты сақтандырылған болып саналады жəне медициналық көмекті алуы тиіс.

Жеңілдік кезеңінде азаматтар өздерінің сақтандыру мəртебесін анықтап, жарналарды төлеп, МƏМС қатысушысы болуы тиіс. ƏМСҚ жүйенің қаржылық операторы болып табылады. 2020 жылға 1250-ден астам медициналық қызмет көрсетушілермен шарттар жасалды, олардың 650-ден астамы мемлекеттік, 600-ден астамы жекеменшік. Жасалған келісімшарттардың сомасы 1,3 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 877 млрд теңге - ТМККК жəне 432,5 млрд теңге - МƏМС, - дейді басқарма төрағасы.

Айта кетейік, Қазақстанда МƏМС жүйесі 1 қаңтардан бастап іске қосылды.

Өзгелердің жаңалығы