1 шілдеден бастап не өзгереді

1 шілдеден бастап не өзгереді

Қазақстандықтарды 1 шілдеден бастап қандай өзгерістер күтіп тұр? BAQ.KZ тілшісі шолуынан оқи аласыздар.

9 күн демалыс

2024 жылдың шілдесінде қазақстандықтар 9 күн демалады.

6 шілде – Астана күні биыл шілденің алғашқы сенбісіне түсіп тұр. Осыған байланысты, сенбі, 6 шілде күнгі демалыс дүйсенбі, 8 шілдеге ауысқан. Яғни, елімізде 6, 7, 8 шілде күндері демалыс болады.

Сонымен қатар 13, 14 шілде, 20, 21 шілде, 27, 28 шілдеде, яғни сенбі-жексенбі күндері ел азаматтары әдеттегі демалыс күндеріне шығады.

Астанаға шет елдердің басшылары келеді

3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтеді. 4 шілдеде Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның төрағалығымен ШЫҰ саммиті басталады.

Еліміздің бас қаласына бірқатар елдің басшылары келеді.

Саммитке 16 елдің: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Катар, БАӘ, Түркия және Түрікменстанның мемлекет және үкімет басшылары қатысады.

Балабақшалар уақытша жұмыс істемейді

3-4 шілдеде, яғни Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде елордада балабақшалар жұмыс істемейді.

Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктерінің хатына байланысты елордада 3-4 шілде күндері мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істемейді.

Кім қашықтан жұмыс істейді?

Астанада 3-4 шілдесінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті өтеді. Бұл күндері қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.

Азаматтарға ыңғайлы болу мақсатында, әсіресе жолдарда кептеліс болмас үшін 2-4 шілде аралығында мемлекеттік мекемелерге және квазимемлекеттік секторларға қызметкерлерінің 70%-ына дейін қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру ұсынылады. Сол сияқты 3-4 шілде күндері мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істемейді.

Шетелден келген мықтылар биологиядан сайысады

7-14 шілде аралығында Астанада IBO-2024 биологиядан 35-ші Халықаралық олимпиада өтеді. Бұл оқушылар арасындағы ең беделді олимпиадалардың бірі. Биыл оған әлемнің әр түкпірінен ең мықты 305 жас биолог қатысады.

Еліміздің құрама командасына олимпиадалық резерв арасында ең жоғары рейтингке ие болған төрт оқушы мен екі жетекші кірді.

Олимпиада теориялық және 4 практикалық турдан тұрады (биохимия, молекулалық биология, биоинформатика, анатомия және жануарлар физиологиясы). IBO-ға Қазақстан құрама командасы 1996 жылдан бері қатысып келеді. Осы жылдар ішінде ел құрамасы 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль, 14 грамота жеңіп алды. Еліміздің қоржынында 90 марапат бар.

Дәрілік заттарды таңбалау міндеттеледі

Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті таңбалау 2024 жылғы 1 шілдеден бастап өндірілген препараттарға ғана енгізіледі.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, 1 маусымдағы жағдай бойынша 383 көтерме қойманың 287-сі қажетті жабдықтармен жабдықталған, 15 өңірде тексеріс жүргізілді. Жақын арада қалған 5 өңірге шығу қарастырылып отыр.

Жалпы елімізде цифрлық таңбалауды енгізудің оң серпіні байқалады: Қазақстанға аяқ киімнің ресми импорты 2019 жылы 39,5 млн жұптан 2023 жылға қарай 54,5 млн жұпқа дейін өсті. Бизнеске аяқ киімнің қалдықтарын белгілеу үшін үш жылға жуық өтпелі кезең берілді.

Темекі бағасы қымбаттайды

Қазақстанда 1 шілдеден бастап ең арзан темекі 820 теңгеден сатылады, бұл қазіргі бағадан 50 теңгеге қымбат.

Соңғы жарты жылда шылым бағасы 16-18,8 пайызға артқан. Ал биылдың алғашқы тоқсанында темекі мен папиростың бағасы 53,4 пайызға артқан. Алайда елде темекіге тәуелді азаматтардың саны азаймай тұр.

Депутаттар каникулға шығады

1 шілдеден бастап Парламент палаталарының депуттатары каникулға шығады.

Мәжіліс депутаттарының сөзінше, шілде айының алғашқы 15 күні мен тамыз айының соңғы 15 күнінде депутаттар өңірлерді аралап, халықпен кездеседі.

Медициналық мекемелердегі тарифтер қымбаттайды

Медициналық мекемелерде 5 бағыттағы тарифтерді көтеріледі.

1 шілдеден бастап жаңа тарифтер бойынша төлене бастайды. Ол негізінен балалардың неврологиясы, балалардың ревматологиясы, босану мәселелеріне қатысты бағыттар. Одан кейінгі 10 бағыт кредиторлық қаражаттың негізі болып отырған кардиология, ортопедия, онкогематология бағыттары бойынша жұмыстарды қыркүйекке дейін аяқталады.

Бөлісу: