1 шілдеден бастап газ қанша теңгеге өседі

3 Маусым 2023, 10:39
1130
Бөлісу:
1 шілдеден бастап газ қанша теңгеге өседі
Фото: BAQ.KZ архив

1 шілдеден бастап газ бағасы қанша теңгеге өсетіні белгілі болды. Бұл туралы Мәжілісте газ тақырыбында өткен отырыста Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуына қарағанда, бүгінгі таңда өңірлер бөлінісінде тұтынудың орташа нормасын анықтау бойынша есептеулер жүргізіліп жатыр. Осы есептеулер негізінде тұтыну нормаларын бекіту әдістемесі әзірленеді.

Жалпы газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігі осы жылы Ұлттық экономика министрлігімен келісім бойынша газға көтерме бағаны 5 жыл ішінде кезең-кезеңімен ұлғайтуды жоспарлап отыр, - деп айтты Алмасадам Сәтқалиев.

Энергетика министрлігі басшының айтуынша, баға белгілеудің жаңа саясатын енгізу түскен қаражатты жаңа ұңғымаларды бұрғылауға, кен орындарын жайластыруға және газ құбырларын салуға жұмсауға мүмкіндік береді.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2024 жылғы 30 маусымға дейін халық үшін газдың бөлшек бағасының өсуі ел бойынша 1-3 теңгені құрайды, ал ірі коммерциялық тұтынушылар мен цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар үшін газдың орташа бөлшек бағасы текше метр үшін 33 теңгені құрайды, - деп айтты ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, министр Сәтқалиев елімізде 2029 жылға қарай газ көлемі 10 млрд текше метрге өсетінін мәлімдеді.

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген тақырыптық отырысы өткенін еске сала кетейік. Жиынның басты мақсаты – отандық газ саласының жағдайын талқылау, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың VIII шақырылымның бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмасын жүзеге асыру.

Өзгелердің жаңалығы