Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық тасымалдаушы электрондық билет сатудың жетілдірілген жүйесін енгізеді, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз орталығы.
2019 жылдың 29 наурызында «ҚТЖ» ҰК» АҚ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі арасында теміржол тасымалы саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі жол картасына үшжақты қол қойылған болатын.
Осы құжаттың негізінде пойыз билеттерін алып-сатарларға қарсы бағытталған маңызды шешім қабылданды.
«Атамекен» ҰКП, ҚР Көлік прокуратурасы, МҚІСҚ Агенттігі және ҚР ИИДМ-мен бірге өткен басқосуда «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ы мамандары жеке билет сататын касса өкілдеріне электрондық билет сатудың жетілдірілген жүйесін таныстырды.
2019 жылдың 1 шілдесінен бастап Компанияға қарасты барша бағыттарға электрондық жол жүру билеттері жаңа автоматтындырылған және заман талабына сай жетілдірілген жүйе арқылы сатылатын болады.
Бұл жүйе жолаушылардың қайтарған билеттерін белгіленген уақыт аралығында ғана сатылымға шығарады. Яғни, алып-сатарларға жемқорлықпен айналусыға бөгет болады.
«Жаңа жүйенің енуі билет құнына әсер етпейтінін ескертеміз. Ұлттық тасымалдаушы алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысын жалғастырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресін күшейтетінін жеткізеді. Егер де билетсіз отырған жолаушы не болмаса заңсыз рәсімделген жүк тасымалына тап болсаңыз - фотобейне түсіріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Бас директорының блогына (http://www.temirzholy.kz/blog-predsedatelya-pravleniya/) жазып жіберулеріңізді сұраймыз!», - делінген компанияның хабарламасында.